Алматы облысында әбден қаналған диқаншылар: Бұларға заң жоқ па сонда?..

Мәселен, мемлекет гектарына 15 теңге деген суды биыл арадағы делдал 34 мыңға бір-ақ көтеріпті. Тоқтаусыз өскен бағаға тұсау болар күнді күтіп шаршағандар шыдамның да шегі бар деп ұлардай шулады.

Алматы облысының шаруалары банкроттық алдында тұр. Бензин қымбаттағаны аздай, оған су қосылды. Мұнда егін суы екі есеге қымбаттаған, деп хабарлайды zakon.kz КТК-ға сілтеме жасап.

Суға жауапты мекеме бар кінәні делдал кооперативтерге сілтеп отыр. Былтыр судың аздығынан Ермек Жақсымбетовтың бес гектарға еккен дәнді-дақылы қурап, еңбегі еш кеткен еді. Диқан биыл да жеріне жүгері сеуіп ерте көктемнен еңбектенген. Алайда су бағасы шарықтап шыға келуі шаруаны тығырыққа тіреді.

Ермек Жақсымбетов, диқан:

Халық жердің арқасында күн көріп отыр. Суды бермей тарықтырып отыр. Оның үстіне су бағасын екі есеге өсіріп жіберген. Негізсіз көтеріп, осы жерді қарапайым адамдар тастасын деді ме, білмейміз.

Ермектің күйін кешкен Еңбекшіқазақ ауданының диқандары мен бағбандары қайтерін білмей басы қатып жүр. Шаруалар су тапшылығына енді қымбатшылық қосылып, шығыннан көз ашпадық деп қынжылады. Себебі, сапалы өнім алу үшін жаз мезгілінде алқапты кемінде 8-9 рет суару қажет.

Бекжан Омаров, диқан:

Былтыр әр ауылдан 200-300 гектардан жер күйіп кетті. Оны ешкім төлеген жоқ. Биыл да су бағасын 75 пайызға көтерген. Заң бойынша 4 пайыз ғана көтеру керек. Бұларға заң жоқ па сонда?! Зауыт, фабрикалар жабылды. Енді кіші қожалықтар жабылып, халық аштан кетсін дей ме? Білмейміз. Біздің талабымыз – судың бағасын түсірсін.

Үлкен Алматы каналындағы тіршілік нәрі Бартоғай су қоймасынан ағады. Қойманың жалпы сыйымдылығы - 340 млн текше метр. Сол суды жауапты мекемеден делдал кооперативтер сатып алып диқандарға жеткізеді. Мәселен, мемлекет гектарына 15 теңге деген суды биыл арадағы делдал 34 мыңға бір-ақ көтеріпті. Тоқтаусыз өскен бағаға тұсау болар күнді күтіп шаршағандар шыдамның да шегі бар деп ұлардай шулады.

Әуелхан Көкенов, диқан:

Мысалы, бір гектарға 10 мыңға ұрығын аламын, 80 мыңға сұлысын аламын. Айдауың бар, тырмағың бар, есептесем 185 мың теңге кетеді екен. Мына 34 мыңдық суды қоспағанның өзінде. Енді ғана дән алып келе жатқанда, су құриды.

Ал суға жауапты мекеменің басшысы бар кінәні кооперативтерге сілтеді.

Серікқали Мұқатаев, Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы филиалының басшысы:

Бізден алған бағаны олар көтереді. Бізден текше метрмен алып, гектармен сатады. Біз олармен жұмыс істейік деп жатырмыз. Егер халық кооперативтер керек емес десе, шығынды өз мойнымызға алайық деп отырмыз. Біз оған дайынбыз. Әкімшілікке ұсыныс бердік.

Даудың басты себепкері – ауыл шаруашылық өндірістік кооператив өкілдері төбе көрсеткен жоқ. Олардың тұрақты мекенжайы да жоқ болып шықты. "Делдал ұйымға жем болдық" деп шырылдаған шаруалардың мәселесін әкімдіктегілер алдағы 10 күннің ішінде шешіп беруге уәде берді. Атқамінерлер кооперативтерді түгел жауып, судың бағасын реттемек. Ал мыңдаған гектар жерге соя, жүгері, бидай, жоңышқа еккен.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: