Кентау қаласында бір топ әйел әкімдік алдында жаға жыртысты. Төбелестің туындауына шенеуніктердің салғырттығы себеп болған, деп хабарлайды zakon.kz "Еуразия" бірінші арнасына сілтеме жасап.
Дәл Кентау қаласы әкімдігінің алдында жаға жыртысқан әйелдер бір-бірін аяусыз соққыға жығып, беттерін қан жоса қылды. Өздерін алдаған әкімдік өкілін шақырды.
Ұлттық кәсіпкерлік палатасы арқылы арнайы оқу курсынан өтіп, қайтарамсыз грант алмақшы болғандардың мақсаттары жүзеге аспай қалған. Себебі, мемлекеттен бөлінген қаржыны жауаптылар дұрыс үлестірмеді, дейді. Енді міне, әділдік іздегендер әкімдікке баса көктеп кірмек болғанда, күзетшілер тосқауыл болды.
Әкім қайда? Әкім шықсын. Міне әділдік жоқ. Жұмысқа кіріп алып, шықпай отырады.
Әйелдер шу шығарғанынан кейін, жергілікті атқа мінерлер бірден далада жиналыс ұйымдастырып, жағдайды түсіндіруге тырысты. Алайда, іс насырға шауып, түсіндіру жұмысының соңы қайтарымсыз ақша алғандар мен алмаған әйелдердың төбелесіне ұласып, бір-бірін аяусыз соққыға жықты.
Сорақысы сол, грант алуға құжат қабылдап алғандар, берген бір парақ қағаздарына тіркеу нөмірін қате жазып, салдарынан бірнеше адам мемлекеттік грант алудан қағылған. Тіпті, был Кентау қаласына бөлінген 70 орынның тең жартысын жаңадан құрылған Сауран ауданына беріп жіберген. Ал, жиналғандар өздеріне жетпей жатқан мемлекеттік қаржыны өзге ауданға берудің мәнісін түсінбей дал.
Ақжарқын Жауынбаева, Кентау қаласының тұрғыны:
Үкіметтен қайта аламыз ба десек, біздің өзімізден 50 мың теңгеден бересіздер. Кім сұрады? Айтбаев Бақытжан сұрады. Осы горсобезден шығып шетте сөйлесейік деп.
Әйгерім Нұржанова, Кентау қаласының тұрғыны:
Грантты тек қана бизнесі бар, жағдайы бар, үйі бар адамдар ұтып алған екен. Мына біз сияқты мұқтаж адамдар мен өзім жолдасым инвалид, балам инвалид квартирадан квартира өзімнің үйім жоқ. Сол статустарды біле тұра Бақытжан ағай именно менің деломды қарамаған. Тек қана өздерінің таныстарына берілген деген өсекті естіп жатырмыз.
Ал, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бақытжан Айтбаев "парамен грант сатылды" дегенді жала деп отыр. "Сүттен ақ, судан тазамын" деп ақталған ақ жағалы үміткерлерді пандемияға байланысты шақырмағанын жеткізді. Бұның барлығы арнайы қаулыға сәйкес жүргізіліпті.
Бақытжан Айтбаев, Кентау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:
Ережеде, қағидада қалталы азаматтарға берілмесін деген сөз жоқ біріншіден. Екіншіден біз оның барынша әділдігін қарадық. Бірінші сол, атаулы көмек алатын тұрмысы төмен отбасылар, сосын көп балалы отбасылар. 7 мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бердік.
Қайтарымсыз ақша армандарына айналғандар Кентау қаласында әділдіктің жоқ екенін айтып, облысқа шағым түсірмек. Ал, салаға қарайтындар жыл соңында тиісті министрліктен үнемдеу соммасы артылып, қаржыны бөліп беретін болса таратып беруге дайынбыз дейді.