Мемлекет басшысы Қазақстан халқын Наурыз мейрамымен құттықтады

Қасым-Жомарт Тоқаев "Expo" көрме орталығындағы этноауылда Наурыз мерекесін жұртшылықпен бірге қарсы алды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Президент мерекелік іс-шараға жиналған көпшілікті Наурыз мейрамымен құттықтап, жылы лебізін жеткізді.
"Ұлыстың ұлы күні – ұлтымыздың ұлық мейрамы. Бұл – біздің ата дәстүріміз. Шуақты көктем мерекесінде бүкіл дүние қайта жаңғырады. Күн мен түн теңеледі. Қазақ елі әз-Наурызды көне заманнан бері тойлап келеді. Наурыз – ең алдымен, игілікті істердің мерекесі. Осы күндері әр үйде ақ дастархан жайылады. Ел-жұрт бір-бірімен қауышып, ақ тілегін айтады. Мұқтаж жандарға қайырымдылық жасап, қамқорлық көрсетеді. Ұлыстың ұлы күні биыл да қасиетті Ораза айымен тұспа-тұс келіп отыр. Еліміз үшін мұның мән-маңызы зор. Себебі біздің дініміз бен дәстүріміз – егіз. Қос қазынамыз халқымыздың бірегей болмысын айшықтай түседі", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сурет: akorda.kz

Сурет: akorda.kz
Бұл ретте, президент Наурыз мерекесі былтырдан бастап жаңа тұжырымдамаға сәйкес он күн бойы аталып өтетініне назар аударып, Наурызнаманың әр күні тағылымға толы екенін айтты
"Наурыз – көптеген шығыс халықтарына ортақ мереке болғанымен, елімізде Ұлыстың ұлы күнін тойлаудың ерекше дәстүрі бар. Бұл мейрамның төл мәдениетіміздегі орны айрықша. Шетелдік меймандар да мереке қарсаңында Қазақстанға арнайы келіп, біздің салт-дәстүрімізбен танысады, әдет-ғұрпымызды танып-біледі. Біз осы рухани қазынамызды жан-жақты дәріптеуіміз керек. Наурызнама бойынша бүгін – Ынтымақ күні. Еліміз үшін ауызбіршілік пен татулықтың орны қашанда ерекше. Бүкіл халқымыз ұлтына, дініне қарамастан бір ел болып, Наурызды бірге атап өтеді. Біз осындай береке-бірлігіміздің арқасында болашаққа зор сеніммен қарап, тек алға қарай қадам басып келеміз. Жан-жақты реформа жасап, мемлекеттің саяси жүйесін жаңғыртып жатырмыз. Ауқымды экономикалық жобаларды қолға алдық. Байсалды сыртқы саясатымыздың арқасында Қазақстан бүкіл әлемге беделді мемлекет ретінде танымал болды", – деді Мемлекет басшысы.
Бұған дейін қазақстандықтардың Наурыз мерекесін қалай тойлап жатқандығын жазған болатынбыз.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript