Алматы полициясы Алматыдағы атыс кезінде оққа ұшқан бесінші адамның кім екенін айтты, деп хабарлайды zakon.kz.
Бес адам қаза тапты, оның ішінде екі полиция қызметкері, бір сот орындаушысы және жаңа үй иесі мен оның өкілі, - деді арнайы брифингте Алматы қаласы ПД басшысы Қанат Таймерденов.
Айта кетсек, алдында қаза тапқан бесеудің екеуі жеке тұлға екендігі айтылған.
Сонымен қатар, Таймерденов оқыс оқиғаның жаңа деректерін ашты. Оның айтуынша, "Кісі өлтіру" және "Билік өкіліне шабуыл жасау" баптары бойынша екі қылмыстық іс қозғалды.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, одан жауап алынып жатыр. Істі егжей-тегжейін тексеру кезінде айыпталушының атына 2008 жылдан бері қару тіркелгені, оның психиатриялық диспансердің есебінде тұрмағаны анықталды.
20 қыркүйек күні Алматының Алатау ауданындағы "Ақбұлақ" ықшам ауданында 54 жастағы ер адам айналасындағыларға оқ жаудырды. Бес адам қаза тапты. Кісі өлтіргені үшін қаскөй 20 жыл немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.