Шымкентте жұмыс ұсынып, көшеде ілулі тұратын жарнама бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды zakon.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
"Апта сайын 300 мың теңге табасың" деген хабарландыру көшелерге ашық іліне бастаған. Жарнамадағы ақының өзі күмән туғызып, жұрт бұл не жұмыс екенін білу үшін қоңырау шалып көрген. Сөйтсе бұл есірткінің жарнамасы болып шықты. Дабыл қаққандардың бірі адвокат Евгений Яворский оның артында есірткі саудасы жатқанын айтады. Көшеден "жоғары жалақы береміз" деген жарнаманы көрген адвокат Евгений Яворский бірден көңіліне күдік ұялағанын айтады. Жұмыс ұсынушылардың жалақыны теңге емес, Ресей рублімен көрсеткені әрі байланыс нөміріне жат елдің коды жазылғаны бірден ұнамапты. Сосын уатсап желісі арқылы ақырын тамырын басып көрген. Сөйтсе тұтқаның ар жағындағы азамат есірткі тасымалымен айналысу керек деп ашық айтыпты.
Евгений Яворский, адвокат:
Бірден "есірткі тасымалдайсыз" деп жазды. Яғни біз нұсқаған жерге барып, пакетке оралған есірткіні аласыз да, дозаларға бөліп, айтылған орындарға жеткізесіз дейді. Ал кепілдеме ретінде сіздің тұрғылықты мекенжайыңыз бен фотоңыз ғана керек екен. Есесіне аптасына, кем дегенде 300 мың теңге төлеп тұруға уәде береді. Ал мұндай ақша біздің өңірге нағыз батпан құйрық.
"Оңай олжаға кенелем деп, есірткі тасымалдауға көнетіндер тым көп болуы мүмкін" деген адвокат полицейлердің бейқамдығына наразы. Өзі тіпті есірткімен күрес басқармасының бастығына дейін телефон шалған екен. Бірақ ол "жұмыс істеп жатырмыз" дегеннен ары аса алмады дейді.
Евгений Яворский, адвокат:
Полицейлер жарнамаға сеніп есірткі тасығандарды ғана емес, кім және қандай көлемде әкеліп жатыр,мұның бәрін ұйымдастырғандарды ұстауы керек қой. Көрсетілген телефон нөмірі Ресейдікі болса, сол елдің құзырлы орындарына шықсын. Тәжірбиелі мамандарға мұндай қылмысты ашу аса қиын емес. Мұның жолын кеспесе, жүздеген, мыңдаған отбасы зардап шегері анық.
Есірткіні емін-еркін жарнамалауға көшкендер үйлердің қабырғасына құпия белгі қалдырып кеткен. Қаз-қатар ілінген жапсырмаларға қарасаң, оларға тосқауыл болмайтын да сияқты.
Мұндай хабарландыруды әр қадам сайын іліп жүргендер өзінің жазасыз қалатынына аса сенімді сияқты. Себебі, мысалы, есірткі тасуға үндеген бұл қағаз камера орнатылған бағанаға ілінген. Тағы бірнеше метр жерде мемлекет қойған тағы бір камера тұр.
Полиция қылмыскерлердің жолын кесу үшін жұмыс істеп жатырмыз дейді. Бірақ синтетика сатқандардың өзін ұстаудан гөрі, хабарландыру қағаздарын жоюға күш салып жатыр екен.
Керімбек Сейдуәлиев, Абай АПБ бастығының орынбасары:
Көрсетілген жәйт бойынша ҚР ҚК-нің 297 бабы, 1-ші бөлігімен қылмыстық іс тіркелді. Анықталған жарнама парақтары сол жерден алынып, қылмыстық іске тіркелді. Қазір полиция қызметкерлерімен қылмысқа қатысы бар тұлғалар анықталуда.
Әзірге Шымкентте есірткі саудасын қыздырғындардың нақты кім екені белгісіз. Ондай ақпаратты полицейлер де білмейді. Сондықтан жарнамаға алданған жастар есірткі курьеріне айналуда дейді адвокат. Бұлай жалғаса берсе, Шымкент нашақорлар қаласы атануы мүмкін.