Автобус төбесінде отшашу атқан бұзақылар ұсталды. Бұл туралы Алматы Полиция басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бостандық аудандық Полиция басқармасының мәліметінше, бұзақылық әрекетке қатысушылар анықталып, ұсталды.
Олар – төртеу. Әрқайсысы рөлді бөліп алған. Бірі автобус жүргізушісін назарын бұру мақсатында алаңдатты, екіншісі – камераға түсіретін оператор, тағы екеуі қоғамдық көліктің төбесіне шығып, отшашу атты. Олардың арасында кәмелетке толмаған балалар бар. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК 293-бабы бойынша қылмыстық іс тергелуде. Бұдан басқа, бұзақылардың әрекеттерінде ҚР ӘҚБтК-нің 436-бабында көзделген құқық бұзушылық белгілері байқалған, - деп жазды Бостандық ауданы ПБ бастығы Думан Аухадиев.
Ол тергеу барысында автобус жолаушыларына қауіп төндірген жастардың мінез-құлқының шынайы мотиві анықталатынын атап өтті.
Бұзақылыққа қатысушылардың бірі автобустың төбесінен секіріп, басынан жарақат алды, дейді Алматы ПБ баспасөз қызметі.
Бақытжан Отарбаева