Ташкенттің ауданаралық экономикалық соты 2019 жылғы 10 желтоқсанда Фармацевтика саласын дамыту агенттігі Өзбекстанда фармацевтикалық қызметті іске асыруға берген Quramax Medikal компаниясының лицензиясынан айыру туралы талапты қанағаттандырды, деп мәлімдеді Өзбекстан Жоғарғы сотының баспасөз қызметі.
Сондай-ақ сот жарамсыз дәрілерді айналымнан алып, жою туралы талапты қанағаттандырды.
Өзбекстан Жоғарғы соты тараптар бұл шешімге шағымдана алатынын, әйтпесе ол 10 күннен кейін күшіне енетінін атап өтті.
Сонымен қатар сот осы экономикалық іс бойынша уәкілетті орган мен лауазымды тұлғалардың әрекетіне немесе әрекетсіздігіне қатысты заң талаптарын бұзу туралы жеке ұйғарым шығарып, Ташкент қаласының прокуратурасына жолданды.
Үндістан билігі де Marion Biotech компаниясының фармакологиялық лицензиясын тоқтатқан еді. Қазіргі уақытта фирманың "Док-1 Макс" жөтелге қарсы шәрбаты үшін тергеу жүріп жатыр. Уттар-Прадеш штаты шенеунігінің айтуынша, тоқтату туралы бұйрық 10 қаңтарда компания препаратқа құжаттама ұсынбаған кезде шығарылған.
"Док-1 Макс" тек Өзбекстанға экспорттау үшін шығарылып келген. Өндірістің соңғы 45 күнінде Marion Biotech Өзбекстанға 100 000-ға жуық қаптаманы жөнелтті.
Бүгінгі таңда осы шәрбатты қолдану салдарынан кем дегенде 20 баланың қаза тапқаны ресми түрде расталды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы үндістандық "Док-1 Макс" және "Амбронол" препараттарына қатысты ескерту жасап, пациенттерге зиян тигізбеу үшін осы сапасыз өнімдерді анықтау және айналымнан шығарудың маңызын атап өтті.