БҚО-да тікұшақ апатынан қаза тапқандардың отбасына ай сайын жәрдемақы төленіп тұрады

Балалары кәмелеттік жасқа толғанға дейін тікұшақ апатынан қаза тапқандардың отбасына ай сайын шамамен жалақы көлеміндей жәрдемақы төленіп тұрады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Төтенше жағдайлар министрлігі қаза тапқандардың отбасына жан-жақты көмек көрсету және жерлеу қызметтеріне жұмсалатын барлық шығынды "Қазавиақұтқару" өз мойнына алғанын мәлімдеді.

"Бұл ретте қайтыс болған қызметкерлердің отбасына балалары кәмелеттік жасқа толғанға дейін қайтыс болған қызметкердің шамамен жалақысы көлемінде ай сайынғы жәрдемақы төленеді. Ұжымдық шартта көзделген барлық қажетті төлемдер төленеді. Бұл мәселелердің барлығы Төтенше жағдайлар министрінің жеке бақылауында". Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов

Руслан Иманқұлов оқиғаның мән-жайын ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көліктегі оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тексеру департаменті қызметкерлері тексеретінін айтты.

Ол экипаж мол тәжірибесі бар жоғары білікті қызметкерлерден құралғанын атап өтті.

23 ақпан күні Батыс Қазақстан облысында магистральды мұнай құбырын көктен шолу кезінде "Қазавиақұтқару" тікұшағы апатты жағдайда қатты екпінмен келіп жерге қонды.

Ішкі істер министрлігі 23 ақпанда болған оқиға Көліктегі полиция департаментінің сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 344-бабының 3-бөлігі, яғни абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан әуе көлiгi жүрісі немесе оларды пайдалану қауiпсiздiгi қағидаларын бұзу бойынша тіркелгенін хабарлады.

Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі апатта қаза болғандардың фотосуретін жариялады.

Сондай-ақ қайғылы оқиғаға байланысты Авиация әкімшілігі жоспардан тыс тексеру жүргізетінін мәлімдеді.


Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: