13 наурызда Қобда ауданында қардың қарқынды еруіне және далалық еріген қар суы салдарынан Қобда ауылында 15 тұрғын үй, 32 аула аумағы, дене шынықтыру-сауықтыру кешені ғимараты, екі мектеп және елдмекеннің төменгі бетінде орналасқан екі коммерциялық нысан су астында қалды.
Тұрғындар эвакуациялық пункттерге көшірілді. Елдімекендерде арнайы техника жұмыс істеп жатыр, инертті материалдарды төгу, қапшықтарды төсеу және су сорғылау жұмыстары күшейтілді. Жұмыс барысын облыс әкімі Ералы Тоғжанов тексерді.
Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және елді мекеннің су басуын болдырмау мақсатында Самара - Шымкент халықаралық маңызы бар тас жолдың 613-шақырымын бұзу туралы шешім қабылданды.
Облыс әкімінің тапсырмасымен метал су өткізгіш құбырларды орнату және инертті материалдармен толтыру жұмыстары басталды. Өңір басшысы жұмысты қысқа мерзімде аяқтауды және автокөлік қозғалысын қалпына келтіруді тапсырды.
"Кеше біз автожол бойынша қозғалысты тоқтатуға мәжбүр болдық, бүгін кешке оны толығымен қалпына келтіреміз". Ералы Тоғжанов
Қабылданған шаралармен танысқан соң аймақ басшысы су тасқыны қаупі жойылғаннан кейін тек көрсетілген аумақта ғана емес, сонымен қатар автожол арқылы судың асып кету және елдімекендерді су басу қаупі бар барлық учаскелерде максималды өткізу қабілеті бар тұрақты су өткізу құбырларын орнату жобасын әзірлеуді тапсырды.
Қобда ауданының әкімдігіне Самара - Шымкент тас жолы арқылы Қобда ауылына қарай су тасқынына жол бермеу және ауылдың өзін су басуды болдырмау мақсатында Қобда-Ойыл автожолы учаскесінің екі жағында бөгет салу мәселесі тапсырылды.
Ералы Тоғжанов тұрғындармен кездесуде әрбір зардап шеккен отбасына барлық қажетті көмек берілетінін айтты.
"Ең бастысы - тұрғындардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Ауданда комиссия құрылып, барлық үйлер тексерілетін болады. Біз барлығын қолдаймыз, қаражат бөлеміз, бәрін мүмкіндігінше тез қалпына келтіреміз. Бұл жағдайға мұқият талдау жүргізіліп, су тасқынының қайталануына жол бермеу бойынша шаралар қабылданады".Ералы Тоғжанов