Отырыста Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары, әділет подполковнигі Мақсат Қазиев уәкілетті органдар қабылдап жатқан шараларға қарамастан әскери қызметкерлердің қаза болуы тоқтамай тұрғанын айтты.
"Атап айтқанда 2020 жылдан бастап 270 әскери қызметкер қайтыс болған. Жылдарға бөлсек, 2020 жылы 78, 2021 жылы 96, 2022 жылы 85, 2023 жылы 13 әскери қызметкер қайтыс болды. Қаза болу себептерінің ішінде ең көбі - ауырып қайтыс болу, яғни бұл 36%-ына тең. 24%-ы жол-көлік оқиғаларымен байланысты, 20%-ы суицидтен". Мақсат Қазиев
Алайда қоғамда әскерилердің өзіне қол жұмсауы жиілеген деген ақпарат бар. Халық өзіне қол жұмсау әрекеттері әскерде жиілеп кеткеніне алаңдайды. Дегенмен Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Қазақстан әлем елдерінің қатарында 20-орында, ал жасөспірімдер арасындағы суицид бойынша әлемдік үштікке кірсе де, әскер саласындағы суицид аз екенін айтты.
"Суицид профилактикасын талдау нәтижесі әскеріміздің қоғамдың бір бөлігі ретінде жағымсыз жағдайлар бар екенін көрсетті. Атап айтқанда әскери мәліметтерге сай халық арасындағы суицид деңгейі бойынша Қазақстан әлем елдерінің қатарында 20-орында. Ал жасөспірімдер арасындағы суицид бойынша әлемдік үштікке кіреді. Ресми мәліметтерге сай құқықтық статистика комитетінің ақпаратынша, 2018-2022 жылдары елде 17 631 суицид және 21 332 қол жұмсауға оқталу жағдайлары тіркелген. Яғни 10 000 азаматқа 9 суицид және 11 өз-өзіне қол жұмсауға оқталу келеді. Оның ішінде 86 суицид және 20 өзіне қол жұмсау әрекеттері әскерде болған. Бұл дегеніміз 10 мың әскериге 6 суицид және 1 оған оқталу. Демек өзіне қол жұмсау көбіне әскерде болды деген ақпарат ресми деректермен дәлелденбейді". Мақсат Қазиев
Бұл ретте денсаулық қорлары профилактикасы бойынша уәкілетті орган Денсаулық сақтау министрігі екенін атап өткен жөн. Аталған орган халыққа медициналық әлеуметтік көмек пен психикалық және мінез-құлық бұзылыстары бар адамдарға көмек көрсету стандарттары қолданылып, көмек беріледі.