Алматы облысында уланған 10 оқушы белгісіз жазуы бар шетелдік тағамнан зиян шегуі мүмкін. Осылай деген мектеп директоры мен ата-аналар дүкеннен сатып алған тұздалған таяқшаларды жегеннен соң, жеткіншектердің жағдайы нашарлай түскенін айтады, деп хабарлайды Almaty.tv.
"10 қыз ақша шығарып, ащы таяқша алып жеген. Соны жеп, уланып қалды. Менен "алып жесем бола ма" деп сұрап жүрген. Мектептің асханасына шағым жоқ, өйткені менің қызым асханадан тамақ ішпейді," – дейді уланған оқушылардың бірінің анасы Разия.
Қытай таяқшаларын жегеннен соң талып құлаған 10 оқушы Байтерек аулындағы мектепте білім алады. Ұстаздары "олар бірінші сабақта-ақ жүрегі айнып, құса бастады", - дейді. Кейін осы мекемеден бірден ауруханаға жеткізіпті.
"Қытайша жазылған, не қазақ, не орыс тілінде аударылмаған, сақтау мерзімі жоқ затты алып жемеңдер" деп сыныпты аралап бәріне айтып шықтым. Ата-аналарға да ескертті", – деді Бәйтерек орта мектебінің директоры Жазира Балахан.
Жалпақ жұрт жаман атты қылған жергілікті дүкенге біз де бас сұқпақ болып бардық. О баста есігін тарс жауып, бізді кіргізбей қойды.
"Оқушылар уланғаны жөнінде мамандар нақты ақпарат айтылмады ғой. Әзірге, бәрі – жалған. Біздің қателігіміз қытайша жызылған сөзді түсінбедік, тауарды қабылдап алғанда сақтау мерзіміне мұқият қараймыз", – деді дүкен сатушысы Роза Жанықұлова.
Ал аудандық ауруханаға түскен 10 баланың жетуі амбулаториялық ем алу үшін үйіне жіберіліпті. Ал үшеуінде әлі әлсіздік бар. Сондықтан сақтық үшін қазір дәрігер бақылауында екен.
"Он науқас жедел-жәрдем көлігімен жеткізілді. Науқастарды толық медициналық тексеруден өткізіп, белгісіз тағаммен уланғаны белгілі болды. Қауіпті тағам, химиялық заттармен 5 жасқа дейінгі балалар уланады. Үй жағдайында баланың денсаулығына өте қауіпті, өліп кетуі мүмкін", – деді Еңбекшіқазақ ауданы орталық ауруханасы директорының орынбасары Әлия Омарбекова.
"2023 жылдың 19 мамырында өнім мен жеткізушіні анықтау мақсатында тергеу жұмыстары басталып, нәтижесінде шығу тегі белгісіз таяқшаның сатылымда жоқ екені анықталды. Өтінімді растайтын тиісті құжатсыз жүргізілген", – деді Алматы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Темірлан Айтбаев.
Ал аталған іске қатысты кінәлі тараптарды анықтау үшін материал Талғар аудандық Полиция басқармасына жөнелтіліпті.