Тәуелсіз мамандардың зерттеу нәтижелерімен зардап шеккендер мен олардың туыстары бөлісті. Қайғылы жағдайда қаза тапқандардың бірінің туысы Нұрлан Исатаевтың айтуынша, сарапшылар жарылысқа тұрғын үйден 25 метр қашықтықтағы құбырдан газдың сыртқа таралуы себеп деген қорытындыға келген, деп жазады Лада.
"№7 пәтердің санитарлық торабында және жертөледе НКПВ – ВКПВ шегінде табиғи газдың шоғырлануына тұрғын үйден 25 метр қашықтықтағы бұзылыс нүктесінде орташа қысымды газ құбырынан газдың шығуы салдарынан болуы мүмкін", делінген астаналық мамандардың зерттеу нәтижелерінде.
Бұған дейін Жаңаөзен қаласының әкімі Айбек Қосуақов өз сұқбатында "газ құбырының жарылысқа ешқандай қатысы жоқ" деген мемлекеттік сараптаманың қорытындысы бар екенін айтқан.
Жаңаөзенде 17 сәуірге қараған түні тұрғын үйінде жарылыс болып, 13 адам зардап шекті. Төрт адам қаза тапты. Бұған дейін арнайы комиссия Жаңаөзендегі жарылысқа көрші пәтердің иесінің кінәсі бар деген алдын ала деректер келтірген болатын.