ҚР ТЖМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, министр ведомствоның құрылымдық бөлімшелерінің басшылары құрамымен Алматы қаласына жұмыс сапары барысында Ақсай өзенінің бассейніндегі селден қорғау құрылысын тексерді. Сондай-ақ ол Республикалық жедел-құтқару жасағының орталық базасында болып, онда ТЖМ басшылығына кинологиялық есептоптары, авариялық-құтқару техникасы мен жабдықтары көрсетілді.
"Сол күні "Тікұшақ айлағы" полигонының аумағында ведомство басшысы ТЖ-ны жою жөніндегі жедел қалалық штабтың жұмысын өрістетуді, мегаполистің азаматтық қорғау қызметтерінің, ТЖМ азаматтық қорғаныс полкінің күштері мен құралдарының дайындығын, бөлімшелер арасындағы байланыстың ұйымдастырылуын тексерді", делінген хабарламада.
Полигон базасында шартты түрде баспанасыз қалған халыққа арналған шатырлы лагерь, ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының жылжымалы госпиталы, медициналық көмек көрсету үшін 109 құтқару қызметі орналастырылды.
"Әрі қарай, олардың материалдық-техникалық жағдайымен танысу үшін мегаполистің өрт сөндіру бөлімшелеріне барды. Жұмыс сапарының соңында Алатау ауданын қорғауды қамтамасыз ететін Рысқұлов даңғылы бойындағы жөндеуден өткен мамандандырылған жасаққа барды", делінген баспасөз баянында.
Қазіргі уақытта мегаполистің өрттен қорғалуын 20 өрт сөндіру бөлімшесі қамтамасыз етеді. Өрт қауіпсіздігін нығайту және туындаған ТЖ-ға уақтылы ден қою мақсатында толық қамтылу үшін тағы 15 өрт депосы салуынуы қажет.
Бұған дейін 23 наурызда Алматы "Жайлау" этно-дәмханасының жанынан лай көшкіні жүргені хабарланған болатын. Мекемені жабу ұсынылды. Жақын маңда жекеменшік мектеп те бар болып шықты.