26 шілдеде Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков "Мұз сарайы" мемлекеттік меншікке қайтарылғанын айтқан болатын.
Әкімнің ақпаратынша, ғимарат осыдан жеті жыл бұрын "Мұнай Құрылыс Сервис" ЖШС-не 128 миллион теңгеге сатылған. Жалпы сол кездегі нысанды бағалау құны 996 миллион теңге болған.
"Қала прокуратурасының талап арызы бойынша Шымкент қаласындағы Спорт сарайы (қазіргі Мұзсарайы) мемлекетке қайтарылды. 2017 жылы Шымкент қаласының "Спорт сарайы" ЖШС-ның 67,09% үлесі жекешелендіріліп, құны 1 млрд теңгеге, яғни нарықтық құнынан 8 есе аз сомаға сатылғаны анықталды",- делінген прокуратура анықтамасында.
Сонымен қатар Спорт сарайын сатып алған ұйым жекешелендіру рәсіміне заңсыз жіберілген және жарғылық құжаттарға сәйкес спорт саласындағы қызметтермен айналысуға құқығы жоқ болғандықтан, аукционға қатысушы ретінде тіркелуге жатпайды.
"Спорт сарайы оңтүстік өңірлерде қысқы спорт түрлерін дайындайтын жалғыз орын болып саналады.Объектіні жекешелендіру кезінде мемлекет мүлкін қоғам игілігіне тиімді пайдалану қағидасына сәйкес басқаруды міндеттейтін "Мемлекеттік мүлік туралы" ҚР Заңының нормалары бұзылған.Сондай-ақ 5 жыл ішінде мемлекет Спорт сарайының үй-жайларын жалға алуға 1 млрд теңгеден астам қаржы жұмсаған".Шымкент прокуратурасы
Шымкент қаласының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 27 мамырдағы шешімімен жекешелендіру нәтижелері жойылды.
"Қазіргі уақытта шешім заңды күшіне енді".Шымкент прокуратурасы
Атап өтілгендей, спорт сарайы оңтүстік аймақтарда қысқы спорт түрлерінен жаттығулар өткізетін жалғыз орын.