КТК ақпаратынша, жорыққа келген зиянкестер тұрғындардың ішер асының арасына дейін кіріп жатыр.
Бұған маңайға төгілетін құс фабрикасының қалдығы себеп болуы мүмкін. Тұрғындар зиянкесті өздігімен улап көрген. Бірақ дәрілеген сайын көбейіп, жағдай ушыға түсіпті.
"Самал көшесінде тұрамыз. Біздің жан айқайымыз мынадай, міне, бүрге, "клопы" дейді осындай қаптады. 4-5 күн болды. Осы жерде, үйдің қабырғасына қаптап, есік-терезеден кіріп жатыр. Міне, балаларымызды шағып жатыр".Қарлығаш Әділбекова
Жұрт бұл жағдайға іргедегі құс фабрикасын кінәлайды. Яғни кәсіпорындағылар құстың өлекселері мен өзге де қалдықтарды ауылдан 100 метр жердегі шұңғырға барып төгеді екен. Зиянкестер сол жерден келді дейді халық.
"Осы жерде тұрып жатырмыз, олар зиян келтіріп жатыр. Иісі үйдің бәрін басып кетті, жаңа шіркейлер, мысықтың, неше түрлі жәндіктер үйде қаптап кетті.Сондықтан қырып берсе. Жоқ қылса! Таңнан кешке дейін боқ төгеді. Кешке жақын тамақ іші алмаймыз, сондай сасық. Иісін құртып берсін". Маржан Нұрзакова
Жұрт қоңыздар жорығы жайлы әкімдікке бірден хабар берген. Алайда шенділер көмекке асықпағанын айтады. Сондықтан жәндікті өз бетінше улапты. Бірақ артық қыламын деп, тыртық қылып алған. Себебі дәрілеген сайын азаюдың орнына, көбейіп кеткен. Әкімдік өкілдері тек бүгін ғана көмекке келді.
"30 шілдеде "Алель Агро" полисінде өрт болған. Сол өрттен кейін осындай пайда болыпты. Содан кейін шұғыл іс-әрекетке көштік. Сәрсенбі күні құзырлы органдарға хат жібердік. Осындай зиянкестерге қарсы күресетін жекеменшік мекемелермен сөйлесіп, әкімдік өз тарпынан дезинфекция жүргізіп жатырмыз".Гүлжан Сақыпова, Байкент ауыл округі әкімінің орынбасары
Десе де ауылдағы жайлаған қоңыздар әлі де бар. Әкімдіктер олар түбегейлі жойылмайынша, "залалсыздандыруды тоқтатпаймыз" деп отыр. Қазір ауылды жайлаған қоңыздар сараптамаға жіберілген.