ҚР Ұлттық Ұланы баспасөз қызметі ақпаратынша, құтқару оқиғасы 6 тамыз күні түнгі 23.00 шамасында орын алған. Артем Горохов кенет ауладан айқайлаған дауысты естіп, сыртқы шыққан. Осылайша, көрші кіреберістегі 6 қабаттың шатырындағы карнизінен ер адам секіргелі тұрғанын көреді.
"Өзім негізі үшінші подъезде тұрамын. Ілініп тұрған адамды көріп, дереу төртінші подъезге кіріп, ең жоғарғы қабатына көтерілдім. Секіргелі тұрған еркек бұл ойын жоспарлағанға ұқсайды. Себебі шаиырға шығатын есікшені бекітіп тастапты. Иықпен, баспен ұрып, күшпен жұлмалап ашып алдым. Оған дейін сырттағы адамдарға полиция қызметкерлерін шақыра беріңдер деп айтып кеткем. Шатырға шығып, жиегіне қарай жақындай бастадым. Орта жастағы ер адам карнизді қолымен ұстап, ілініп тұрды", — деді майор Артем Горохов.
Артынша майор одан секіруден бас тартуын өтініп, әңгімеге тартқан. Әрі сөйлесе жүріп, еңбектеп оған жақындай түскен. Ұландық офицер осылайша 40 сантиметрдей қашықтық қалғанда, қолынан шап беріп ұстап үлгереді. Сол ұстағаннан айрылмай, жоғары тартып, шатырдың шетінен алыстату үшін 4-5 метр жерге сүйреп әкеледі.
"Осы уақытта оқиға орнына полиция қызметкерлері де келген. Жағдайды анықтау үшін өмірімен қоштаспақ болған ер адам аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Осылайша, құқықтық тәртіп әскерінің майоры шұғыл әрі шешуші әрекеттерінің арқасында адам өмірін аман алып қалды",- деп қорытындылады ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі.
15 маусым күні кешкі уақытта Астана қаласында 5573 әскери бөлімінің қатардағы жауынгерлері Әлішер Махмет, Арсен Қази мен Ринат Досщанов қызмет атқару кезінде Ақбұлақ өзенінен жүзіп өтемін деп суға бата жаздаған №63 мектеп оқушысын құтқарған болатын. 19 маусымда олар марапатталды.