Ведомство атап өткендей, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы және Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровты дайындау – мемлекет тарапынан көрсетілетін нақты бағытталған қолдаудың айқын мысалы болып табылады.
Мәселен, 2025 жылы спортшы мен оның командасының дайындығын қамтамасыз етуге бағытталған жалпы қаржы көлемі 263 394 581 теңгені құрады. Оның ішінде 19 оқу-жаттығу жиынына (8-і Қазақстанда, 11-і шетелде) 47 млн теңге, ал 5 халықаралық жарысқа қатысуға 16 млн теңге бөлінді. 2025 жылы спортшының жалпы еңбекақысы (ҚР ТСМ ДРС, федерация және әкімдік желісі бойынша) 33 989 000 теңгені құрады. Спортшының жеке бапкері Алексей Урмановтың 2025 жылғы еңбекақысы (ҚР ТСМ ДРС және федерация желісі бойынша) 26 000 000 астам теңге болды. Хореограф И.В. Регинаның 2025 жылғы еңбекақысы (ҚР ТСМ және федерация желісі бойынша) 23 000 000 теңгені құрады. Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі
Қосымша түрде жарыс бағдарламаларын қою, екі костюм тіктіру және шығармаларға авторлық құқықтарды сатып алу шығындары да қаржыландырылды.
Бұған дейін спортшы әлем чемпионаты мен Азия ойындарындағы жоғары нәтижесі үшін 6 694 581 теңге көлемінде біржолғы сыйақы алса, жаттықтырушылар штабына қосымша 1 506 040 теңге төленді.Айта кету керек, Олимпиадаға дайындық барысында бірнеше мемлекеттік органдарды қамтитын кешенді жұмыс жоспары әзірленді.
Қаржыландыру ел ішінде және шетелде оқу-жаттығу жиындарын өткізуге, халықаралық жарыстарға қатысуға, спортшылар мен жаттықтырушылардың еңбекақысын төлеуге, медициналық және ғылыми сүйемелдеуге, спорттық киім-кешекпен қамтамасыз етуге, жарыс бағдарламаларын әзірлеуге, психологиялық дайындыққа және жаттығу үдерісін ұйымдастыруға бағытталады. Мұның барлығы отандық спортшылардың әлемдік деңгейдегі ірі жарыстарға еркін қатысуына және жоғары нәтиже көрсетуіне мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда елімізде қысқы олимпиадалық спорттың 13 түрі дамытылуда. Милан және Кортина қалаларында өткен 2026 жылғы қысқы Олимпия ойындарында Қазақстан құрамасы 10 дисциплина бойынша өнер көрсетті. Олимпиадалық цикл аясында ұлттық құрамалар 612 оқу-жаттығу жиынын өткізіп, 434 халықаралық жарысқа қатысты. Дайындық сапасын арттыру мақсатында әлемдік деңгейдегі 13 шетелдік маман тартылып, заманауи әдістемелер енгізілді, нәтижесінде отандық спортшылардың дайындық деңгейі едәуір артты. Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі
Осылайша, көшбасшы спортшыларды даярлау моделі оқу-жаттығу жиынынан бастап, ғылыми-медициналық қамтамасыз ету мен материалдық қолдауға дейінгі кешенді қағидатқа негізделген. Атаулы қаржыландыру тәжірибесі мемлекет тарапынан жүйелі тәсіл ретінде қалыптасып, отандық спортшылардың қысқы спорт түрлерінде әлемнің үздіктерімен тең дәрежеде бәсекелесуіне барлық қажетті жағдай жасалғанын көрсетеді.
Бұған дейін Туризм және спорт министрлігінің вице-министрі Серік Жарасбаев Михаил Шайдоровдың 2026 жылғы Олимпиадаға дейін қанша табыс тапқанын айтқан болатын.