Енді өңірде әр айдың 15-і халықты киберқылмыстан сақтандыруға арналған бірыңғай профилактика күні ретінде өткізіледі. Жыл басынан бері интернет-алаяқтардың әрекетінен солтүстікқазақстандықтар жарты миллиард теңгеден астам қаржылық шығынға ұшыраған.
Алаңдатарлық статистиканы төмендету мақсатында өңір әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов арнайы профилактикалық жұмыс жоспарына қол қойды. Бірыңғай профилактика күні аясында Петропавл қаласы мен облыс аудандарында полицейлерге еріктілер, белсенді жастар және мемлекеттік органдардың қызметкерлері қосылады.
Қазіргі таңда білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінде, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында еңбек ұжымдарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатта арнайы дәрістік және ақпараттық үлестірме материалдар дайындалған. Облыс орталығында полиция қызметкерлері педагогтермен бірлесіп қоғамдық орындарда тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын өткізуде.
Бейнероликтер LED-экрандар арқылы көрсетіліп, жадынамалар мен буклеттер таратылуда. Негізгі мақсат — азаматтарды кең таралған алаяқтық схемаларынан сақтандыру.
Қазіргі уақытта жиі кездесетін алаяқтық тәсілдері:
- денсаулық сақтау ұйымдары атынан хабарласып, sms-код сұрау;
- коммуналдық қызметтер атынан есептегіш тексеруді сылтау ету;
- жеткізу қызметтері атынан сәлемдеме немесе ақша аударымы келгенін хабарлау;
- ұялы байланыс операторлары атынан SIM-картаның мерзімі аяқталатынын айтып, код талап ету.
Полицейлердің мәліметінше, профилактикалық жұмыстар өз нәтижесін беріп келеді. 2024 жылы Солтүстік Қазақстан облысында 756 интернет-алаяқтық тіркеліп, келтірілген шығын көлемі 942 млн теңгеден асқан. Оның тек 74 млн теңгеден астамы ғана өтелген.
Ал 2025 жылы 654 кибералаяқтық фактісі тіркелгенімен, келтірілген шығын көлемі 1,5 млрд теңгеге жеткен. Соған қарамастан, оның 500 млн теңгеден астамы азаматтарға қайтарылған.
Бұл — әрбір үшінші теңгенің өтелгенін көрсетеді. Полиция қызметкерлері халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру интернет-қылмыстардың алдын алудағы ең тиімді құралдардың бірі екенін атап өтуде.