Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде не айтты

Сурет: akorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде сөз сөйледі, деп хабарлайды Zakon.kz.

Президент Түркістандағы алқалы жиынға қатысуға келген Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің басшыларына ризашылығын білдірді.

"Түркістан – атажұртымыздың мызғымас темірқазығы. Екі дүние есігі, ер түріктің бесігі атанған шежірелі шаһар. Көне қала қашанда түбі бір түркі жұртының қасиетті қара шаңырағы саналған. Түркістан төріндегі Әзірет Сұлтан кесенесі – рухани тұтастық пен тарихи сабақтастық символы. Қожа Ахмет Ясауи бауырлас елдердің дүниетанымын кеңейтуге зор үлес қосты. Адамзатқа ортақ құндылықтарды барынша дәріптеді. Халықты жақсылыққа, жасампаздыққа, адалдыққа шақырды. Ғұлама ойшыл ислам дінін түркі жұртының таным-түсінігімен ұштастыра білді. Аса құнды еңбектер жазып, мол мұра қалдырды. Ясауидің тағылымды ойлары мен хикметтері – түркі халықтарының баға жетпес байлығы. Ұлы бабамыз дәріптеген құндылықтар әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Сондықтан біз Ясауидің гуманистік идеяларына баса мән беріп отырмыз. Қазір елімізде "Адал азамат", "Әділетті Қазақстан", "Таза Қазақстан" және басқа да бірегей бастамалар табысты жүзеге асырылып жатыр. Басты мақсатымыз – ұлт сапасын барынша жетілдіріп, мемлекеттігімізді нығайта түсу. Түптеп келгенде, осы ауқымды жұмыстың негізі Ясауи ілімінен бастау алады", – деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев "Qoja Ahmet Yasaui" орденін күллі түркі дүниесі үшін мән-мағынасы айрықша марапат деп атады.

"Бүгінгі жиында өздеріңізге тағы да атап өткім келеді: мен биыл Ұлыстың ұлы күнінде осы киелі Түркістан жерінде "Qoja Ahmet Yasaui" орденін тағайындау туралы шешім қабылдадым. Осыған орай тиісті Заң қабылданды, арнайы Жарлыққа қол қойдым. Бұл күллі түркі дүниесі үшін мән-мағынасы айрықша марапат деп айтуға болады. Сол себепті кеше алғашқы мәртебелі награданы аса құрметті Президент Режеп Тайип Ердоғанға салтанатты түрде табыстадым. Осылайша, біз түркі руханиятының темірқазығы – Ясауи тұлғасын дәріптей отырып, халықтарымыздың арасындағы мызғымас бауырластық тамырын нығайта береміз деп сенемін", – деді Президент.

Мемлекет басшысы сондай-ақ бүгінде Түркістан – көне мен келешекті тоғыстырған шырайлы шаһар екенін және аймақтың экономикалық әлеуеті жыл өткен сайын артып келетінін айтты.

"Былтыр облыстың экономикасы 9,3 пайызға өсті, оның көлемі 10 миллиард доллардан асты. Аймаққа 3,5 миллиард доллар инвестиция тартылды. Алқалы жиынды осында өткізудің мақсаты – атажұртта бауырлас елдердің көшбасшыларымен жүздесу, қайта түлеген Түркістанды төрткүл дүниеге таныту. Біз киелі орданың тарихы қандай терең болса, болашағы да сондай жарқын боларына нық сеніммен қараймыз. Осы мүмкіндікті пайдаланып, бүгін Түркістанда Өзбекстанның қолдауымен жаңа зәулім мешіт ашылғанын үлкен ризашылықпен атап өткім келеді. Ерекше тарту жасағаны үшін Өзбекстан Президенті, аса қадірлі Шавкат Миромонұлы Мирзиёевке және өзбек халқына алғысымды білдіремін. Елдеріміздің руханиятындағы осы мешіттің орны ерекше болмақ. Бұл – қазақ-өзбек халықтары ынтымағының тарихи символы", – деді Тоқаев.

Президент саммитте талқыланатын жасанды интеллект және цифрлық дамудың өзектілігіне назар аударды.

"Қазір бүкіл әлем бұрын-соңды болмаған өзгерістермен бетпе-бет келді. Жаңа сын-қатерлер пайда болды. Дүние жүзінде технологиялық бәсеке күшейді, яғни, инновациялық тұрғыдан озық ел болу мақсаты алдыңғы қатарға шықты. Технологиялық даму кез келген мемлекеттегі тұрақтылық пен қауіпсіздік факторына айналды. Бұл – цифрлық трансформацияға дер кезінде бет бұрған елдер көш соңында қалмайды деген сөз. Сондықтан Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер технологиялық жаңғыру үдерісінен тыс қалмауы үшін бірлесе жұмыс істеуі керек деп санаймыз. Жасанды интеллект пен цифрландыру үдерісі түркі әлемінің дамуына жол ашуға тиіс", – деді ол.

Мемлекет басшысы саммитте талқыланатын жасанды интеллект және цифрлық дамудың өзектілігіне назар аударды.

"Қазір бүкіл әлем бұрын-соңды болмаған өзгерістермен бетпе-бет келді. Жаңа сын-қатерлер пайда болды. Дүние жүзінде технологиялық бәсеке күшейді, яғни, инновациялық тұрғыдан озық ел болу мақсаты алдыңғы қатарға шықты. Технологиялық даму кез келген мемлекеттегі тұрақтылық пен қауіпсіздік факторына айналды. Бұл – цифрлық трансформацияға дер кезінде бет бұрған елдер көш соңында қалмайды деген сөз. Сондықтан Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер технологиялық жаңғыру үдерісінен тыс қалмауы үшін бірлесе жұмыс істеуі керек деп санаймыз. Жасанды интеллект пен цифрландыру үдерісі түркі әлемінің дамуына жол ашуға тиіс".Қасым-Жомарт Тоқаев

Тоқаев Габалада өткен басқосуда цифрлық даму және киберқауіпсіздікке қатысты бірқатар бастама көтергенін еске салды


"Атап айтқанда, Түркі мемлекеттері ұйымының Цифрлық мониторинг және Цифрлық инновациялар орталықтарын құруды ұсындым. Бұл орталықтар Ұйымға мүше мемлекеттердің өсіп-өркендеуіне цифрлық тұрғыдан тың мүмкіндіктер береді. Бұдан бөлек, сол алқалы жиында Киберқауіпсіздік жөніндегі кеңес құру қажет екенін айттым. Мұндай Кеңес елдеріміздің цифрлық әлеміндегі осал тұстарды анықтап, инфрақұрылымға төнетін қауіптің алдын алуға ықпал етеді. Осы құрылым арқылы Ұйымға мүше елдердің тиісті органдары жедел ақпарат алмаса отырып, жұмыс істей алады. Қазақстан бұл бастамалар бойынша тиісті тұжырымдамаларды әзірлеп, Ұйымға мүше мемлекеттерге келісу үшін жолдады. Аталған нақты шаралардың бәрі де елдеріміздің ортақ мүддесіне сай келеді. Сондықтан осы бағытта тиімді және белсенді әрекет етеміз деп ойлаймын", - деді ол.
Молния

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Мемлекет басшысы Ербол Хамитовты III дәрежелі "Барыс" орденімен марапаттады

Мемлекет басшысы Ресей Премьер-министрі Михаил Мишустинді қабылдады

Димаш Құдайберген маңызды үндеу жасады

Дабылды ескерту: Қазақстанда найзағай мен дауыл күтілуде

Қасым-Жомарт Тоқаев: Жаңа Конституция – әр азаматқа тең мүмкіндік пен стратегиялық даму кепілі