Полицияға мерзімді әскери қызметке шақыру аясында медициналық комиссиядан өтіп жүрген 20 жастағы өңір тұрғыны жүгінген.
Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз азамат 250 мың теңге көлеміндегі сыйақыға әскери қызметтен кейінге қалдыру рәсімін жасап беруге уәде еткен. Оның сөзіне сенген жас жігіт аталған соманы берген. Алайда ақшаны алғаннан кейін күдікті байланысқа шықпай, уәдесін орындамаған.
"Полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, ұстады. Ол 21 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Тексеру барысында алған ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсағаны анықталды. Аталған факі бойынша алаяқтық белгілерімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр", – деп хабарлады Ақтөбе облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Осыған байланысты тәртіп сақшылары азаматтарды күмәнді ұсыныстарға сенбеуге және заңсыз қызметтер үшін ақша бермеуге шақырды.
"Әскери қызметке шақыру, жұмысқа орналастыру, мемлекеттік қызметтерді алу немесе түрлі құжаттарды рәсімдеу мәселелерін ақшаға шешіп береміз деп уәде ететін адамдарға сенбеңіздер. Көп жағдайда мұндай ұсыныстар алаяқтық болып шығады", – деп ескертті полиция қызметкерлері.
Тәртіп сақшылары әскери қызметті кейінге қалдыру туралы шешімдер заңнамада белгіленген тәртіпке сәйкес тек уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан қабылданатынын еске салды.
"Егер сізге қандай да бір мәселені ақшаға шешіп беруді ұсынса немесе алаяқтардың құрбаны болсаңыз, дереу "102" нөміріне хабарласып, полицияға жүгініңіз", – деп мәлімдеді Ақтөбе облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Еске салайық, 2026 жылғы 24 маусымда қазақстандық жүргізушілерге ақылы жолдар бойынша қарызы бар екені туралы SMS-хабарламалар келіп жатқаны белгілі болды. Полиция бұл хабарламалардың алаяқтардан таралғанын ескертіп, олардың қалай көрінетінін көрсеткен еді.