Конституциялық Сот: Тоқаев сайлауға түсуге құқылы

Фото: akorda.kz
2026 жылғы 7 шілдедегі №89-НҚ Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының нормативтік қаулысы жарияланды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Құжатқа сәйкес, Қазақстан Республикасының Конституциялық соты Мемлекет басшысының 2026 жылғы 15 наурыздағы Қазақстан Республикасы Конституциясының 43-бабының 1-тармағына, 72-бабының 2 және 3-тармақтарына, 83-бабының 1-тармағына және 84-бабының 3-тармағына ресми түсіндірме беру туралы өтінішін қарады.

Өтініште мынадай мәселе көтерілген:

"лауазымын 1995 жылғы 30 тамыздағы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес атқарып келе жатқан адамдар 2026 жылғы 15 наурыздағы Қазақстан Республикасы Конституциясының 43-бабы 1-тармағында, 72-бабы 2 және 3-тармақтарында, 83-бабы 1-тармағында, 84-бабы 3-тармағында көрсетілген қызметке сайлана ала ма не лауазымға тағайындала ала ма?"

Конституциялық Сот аталған конституциялық нормалардың мазмұнынан оларда белгіленген шектеулер адамның тиісті қызметке алдыңғы сайлану не лауазымға алдыңғы тағайындалу фактісімен қолданыстағы Конституцияда және соған сәйкес қабылданған нормативтік құқықтық актілерде көзделген тәртіпте ғана байланысты болатыны шығады деп атап өтті.

Конституцияның 43-бабының 1-тармағында, 72-бабының 2 және 3-тармақтарында, 83-бабының 1-тармағында және 84-бабының 3-тармағында белгіленген шектеулер қолданылған жағдайда 1995 жылғы Негізгі Заң қолданыста болған кезеңде тиісті лауазымдарда болу мерзімдерін, сондай-ақ қызметке сайлау не лауазымға тағайындау фактілерін есепке алуды көздейтін ережелерді Конституция қамтымайды.

Демек, адамның аталған лауазымдардың бірін 1995 жылғы Конституция қолданыста болған кезеңде атқару фактісі Қазақстан Республикасының Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енгеннен кейін оны тиісті қызметке сайлауға не лауазымға тағайындауға Негізгі Заңда көзделген конституциялық-құқықтық кедергі болып табылмайды.

Президенттің өтінішін қарау қорытындысы бойынша Конституциялық Сот ресми түсіндіру берді:

2026 жылғы Конституцияның 43-бабының 1-тармағын, 72-бабының 2 және 3-тармақтарын, 83-бабының 1-тармағын және 84-бабының 3-тармағын осы конституциялық нормаларда аталған лауазымдарды 1995 жылғы Конституцияға сәйкес атқарып жүрген адамдар 2026 жылғы Конституция күшіне енгеннен кейін тиісті қызметке сайлануы не лауазымға тағайындалуы мүмкін деп түсіну керек. Аталған конституциялық нормаларда белгіленген шектеулерді қолдану мақсаты тұрғысынан мұндай адамдардың 2026 жылғы Конституция күшіне енгеннен кейін тиісті қызметке сайлануы не лауазымға тағайындалуы алғаш рет сайлану не тағайындалу деп есептеледі.

Еске салайық, 2026 жылғы 1 шілдеде Қазақстанда жаңа Конституция күшіне енді. Осы тарихи оқиғаға орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды құттықтады. Кейінірек Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Ата заңның күшіне енуіне байланысты енгізілген негізгі өзгерістер туралы баяндады.

Сондай-ақ осы күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Сайлау 2026 жылғы 23 тамызда өтеді.

Қазақстан
Молния
Тоқаев Касым-Жомарт

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Жаңа Конституцияға орай рақымшылық жарияланды: кімдер қылмыстық жауаптылықтан босатылады

Мемлекеттік туды қайда ілуге болады: Үкімет жаңа ережелерді бекітті

Ақтауда жағажайдан итбалықтардың өлекселері табылды

Индонезия жағалауында қуатты жер сілкінісі тіркелді

Қазақстанда жаңа Конституция күшіне енді: өзгерістер хронологиясы