Қазақстан, Түркия және Грузияның бірлескен операциясы: трансұлттық қылмыстық топқа соққы берілді

Сурет: YouTube/mvdkontent
Қазақстан, Түркия және Грузияның құқық қорғау органдары трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметін тоқтатуға бағытталған бірлескен халықаралық арнайы операция жүргізді.

ІІМ мәліметінше, халықаралық ынтымақтастық Қазақстан Ішкі істер министрі бастаған делегациялардың Түркия, Грузия және Әзірбайжанға жасаған жұмыс сапарларынан кейін жаңа деңгейге көтерілген.

Арнайы операция барысында Ыстамбұлда Қазақстан азаматы Исмаиловтың тапаншамен атылып өлтірілу дерегі жедел ашылды. Үш елдің полиция қызметкерлерінің бірлескен жұмысының нәтижесінде қылмысты жасаған екі адам ұсталып, тергеу барысында кісі өлтірудің ұйымдастырушысы мен тапсырыс берушісі анықталды. Олар трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық ортаның өкілдері әрі халықаралық іздеуде жүрген тұлғалар екені белгілі болды.

Жиналған мәліметтер Қазақстан аумағында осы қылмыстық топқа қатысы бар өзге де ауыр қылмыстарды ашуға мүмкіндік берген. Атап айтқанда, Алматыда 2025 жылдың тамызында қала тұрғынын өлтіруге оқталған ұйымдасқан қылмыстық топтың киллерлерінің бірі ұсталып, қылмыс қаруы – тапанша тәркіленген. Бұл іс бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталып, материалдар сотқа жолданған.

Сонымен қатар үш мемлекеттің аумағында қылмыстық құрылым мүшелерін ұстауға бағытталған кезең-кезеңімен арнайы операция жүргізілген.

"Қазақстан Ішкі істер министрлігі Түркия және Грузиядағы әріптестерімен өзара іс-қимыл аясында үш мемлекеттің аумағында трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерін ұстау бойынша кезең-кезеңімен арнайы операция жүргізді. Алматы қаласында аталған қылмыстық құрылымның мүшелері ұсталды. Оларға қару қолдану арқылы жасалған бірнеше шабуылға қатысы бар деген айып тағылып отыр", – деді ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

Оның айтуынша, қылмыстық топтың негізгі мақсаты қылмыстық идеология элементтерін пайдалану арқылы диаспоралық топтардың жекелеген өкілдерінің бизнесіне ықпал ету болған.

Сондай-ақ Грузия аумағында трансұлттық қылмыстық құрылымдармен байланысы бар және бірқатар ауыр қылмыстарға қатысы бар күдіктілер де ұсталды.

"Қазіргі уақытта белгілі болған барлық қылмыстық фактілер бойынша дәлелдемелерді жинау жалғасуда, қылмысқа қатысы бар күдіктілер анықталуда. Топтың ұйымдастырушысын қолданыстағы заңнамаға сәйкес қылмыстық жауаптылыққа тарту бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр", – деді Қуандық Алпыс.

ІІМ мәліметінше, жүргізілген халықаралық арнайы операция шетелден басқарылатын қылмыстық ықпал ету арналарының жолын кесуге, елімізде ауыр қылмыстардың алдын алуға және "Заң мен тәртіп" қағидатын қамтамасыз етуге мүмкіндік берген.

Түркия
Қазақстан
Алматы
Астана

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

18 шілдеден бастап тауарлар мен қызметтерге берілетін тұтынушылық несиелерді рәсімдеу тәртібі өзгереді

Алматыда әкімшілік ғимарат өртенді

Полиция академияларына түсу енді толықтай онлайн жүргізіледі

Тоқаев: Ясауи хикметтері – Ұлы даланың мәдени коды

Қазақстанда жаңа Конституция күшіне енді: өзгерістер хронологиясы