Полицияның мәліметінше, жолдағы көліктердің арасынан ерекшеленбейтін патруль қызметкерлері BMW және Hyundai маркалы автокөліктердің жүргізушілері жол қозғалысы ережесін өрескел бұзғанын тіркеген.
"Құқық бұзушылықтар тіркелгеннен кейін көліктер тоқтатылды. Жүргізушілерге қатысты әкімшілік материалдар толтырылып, автокөліктер мамандандырылған айып тұрағына қойылды", – деп хабарлады Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полиция өкілдері жасырын патрульдердің арнайы танымбелгілерсіз қызмет атқаратынын еске салды. Сондықтан оларды жалпы көлік ағынынан ажырату іс жүзінде мүмкін емес. Мұндай тәсіл жол қозғалысы ережесін ешкім байқамайды деген оймен әдейі бұзатын жүргізушілерді анықтауға мүмкіндік береді.
Еске салайық, бұған дейін, 9 шілдеде Алматы полициясы жасырын патрульдердің көмегімен жолда қауіпті маневр жасаған екі жүргізушіні ("шашка" әдісімен жүрген) анықтағанын хабарлаған болатын.