Ведомствоның мәліметінше, Алматыда өздерін Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ретінде таныстырып, қала тұрғынынан қарумен қорқытып ақша талап еткен адамдар ұсталды.
"10 тамызда алдын ала сөз байласқан бір топ адам жәбірленушіні аңдыған. Өздерін Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ретінде таныстырып, тапаншамен қорқытқан күдіктілер оны көлікке күштеп отырғызып, қала сыртына алып кеткен. Қысым көрсету арқылы жәбірленушіні туыс әйеліне қоңырау шалуға мәжбүрлеген. Ол күдіктілер көрсеткен нөмірге 3 млн теңге аударған". ҚР ІІМ баспасөз қызметі
Қылмыс жасады деген күдікпен бұрын сотталған төрт адам ұсталды. Олардың бірі бұған дейін адам өлтіргені үшін жазасын өтеген. Барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Тінту барысында екі мылтық, карабин, газ тапаншасы және оқ-дәрілер табылып, тәркіленді. Тергеу жалғасып жатыр.
Осыған ұқсас қылмыстық іс Ақтөбе облысында да қозғалды. Өңірде бұрын сотталған жергілікті тұрғын ұсталды. Ол да өзін Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкері ретінде таныстырып, бопсалау және психологиялық қысым көрсету арқылы тұрғындардан ақша талап еткен.
"ІІМ азаматтарды қырағы болуға және өзін құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстыратын адамдардың қоқан-лоқысы мен қысымына берілмеуге шақырады. Осындай жағдайға тап болсаңыздар, дереу полицияға хабарласу қажет". ҚР ІІМ баспасөз қызметі
Айта кетейік, 2026 жылғы 22 қыркүйекте ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха елде 20 мың полиция қызметкері жетіспейтінін мәлімдеген еді.