"Тасқын су 1,5 метрге дейін көтерілді". Түркістан облысында бірнеше елдімекенді су шайды

Сурет: pixabay
Түркістан облысында бірнеше елдімекенді тоқтаусыз жауған жаңбырдан кейін қызыл су басты. Бұған себеп - бұрынғы арық-атыздардың жойылып кетуі, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қазығұртқа қарасты бірнеше ауылды су басып, аулаларды балшықтан әлі тазартып жатыр. Кейбір үйдің қабырғасына сызат түскен. Қызыл судан, әсіресе Қосағаш ауылының жұрты зардап шеккен. Құлаған қоралар мен суға тұншығып өлген малдар да бар, деп хабарлайды КТК.

"Сайдан келген су асфальттың үстінен 30 см биіктікте жоғары ақты. Кейін мына арадан тесіп шықты да сайдың суы лап берді".Дәуренбек Сманов

Жауын-шашыннан, әсіресе Қосағаш ауылы қатты зардап шеккен. Қазір мұнда тұрғындар, құтқарушылар мен еріктілер селдің салдарымен күресіп жатыр. Жарты сағаттан астам жауған жаңбыр Қосағаш ауылының астаң-кестеңін шығарды. Қырдан жиналып келген қызыл су екпінмен келіп ұрғанда, бетон мен кірпіштен салынған шарбақтар шыдас бермеген. Әп-сәтте аулаларды басып, үйлерге кірген тасқын су 1,5 метрге дейін көтерілген. Үйін биыл ғана жөндеп кірген Темір ақсақалдың жалғыз баспанасын сел бұзып кеткен. Қабырғасы қақырап, үйіндегі дүние-мүлкі жарамсыз болып қалған бірінші топтағы мүгедек, үйдегі алты адаммен қайда барарын білмей отыр.

"Үй жарамай қалды, малдар өлді, қора құлап жатыр. Отыратын жер қалмады. Мына қазақ елінен жәрдем сұраймын, әкімшілік тарапынан, Түркістан облысынан. Үйде алты жан тұрамыз. Келінім екіқабат, мына таңда кімнің үйіне барып отырамыз? Әрі кетсе үш күндей паналармыз".Темір Құдакелдіұлы

Ал Данияр Сейітханов селдің салдарынан кәсібінен айрылды. Наубайхана ұстап, төңіректегі дүкендерге нан тарататын 27 жастағы жігіт 40 қап ұнынан да, қажет электр жабдықтарынан да айрылған. Бір кездері ауылды айнала, тасқын судан қорғайтын арықтар болған екен. Кейін оның үстіне үйлер түсіп, арық-атыздар жоғалған, - дейді тұрғындар. Селден зардап шеккендер енді сол қашыртқылар қалпына келтірілсе дейді.

"Біздің төбемізде арық болатын, үлкен арық, сол арықтан су ағатын. Қазір сол арықтың бәрін жауып, жұрт көпір салып, қора салып, тал егіп тастаған. Енді сол сайдан келген су қайда кетеді? Талабым — жоғарыдан арық қазып берсін. Тағы жаңбыр жауса, тағы бізге келеді. Төбеден арық қазсын, канал қазып, ауылдың етегіне түсіп кететін қылып берсін".Лиза Жарқынбекова

Ал аудандағы шенеуніктер кешеден бері техника мен жұмыс күшін ұйымдастырып, тасқын салдарымен күресіп жатыр. Арық-атызды қазып, селдің алдын алу жұмыстарын күшейтпек. Әзірге қанша отбасы зардап шеккені белгісіз, ол жағы әлі есептеліп жатыр.

"Таңнан бері қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үйлердің бәрін аралап жатырмыз, өзім де әр үйді қарап шығып жатырмын. Сосын қосымша жұмыс күшін тартамыз. Ауыл округтерінің бәрін тартқанбыз. Қазір зардап шеккен баспаналар мен дүние-мүліктерді актілеп жатыр. Оларға бюджеттен емес, демеушілер есебінен көмектесуге тырысамыз".Нұрсұлтан Медеуов, Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары

Осыған дейін жүргізілмеген арық-атыздар да бүгін қазыла бастады.

Бұған дейін синоптиктер еліміздің 17 өңірінде дауылды ескерту жариялаған болатын. Жылжып келген циклонға байланысты еліміздің басым бөлігінде нөсер жаңбыр жауады, кей өңірде қар аралас жаңбыр жауады деп күтіледі.

Түркістан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

"Үсік жүреді". Еліміз бойынша 28 қыркүйекке арналған ауа райы болжамы

Тоқаев шахмат олимпиадасында күміс алған Қазақстан құрамасын құттықтады

Qazaqstan Media Awards аясында "Тұмар" және "Үркер" ұлттық байқауларына өтінім қабылдау басталды

Қазақстанда педагогтерді аттестаттау ережелері жаңартылды

Енді жанармай сапасын бақылау үшін жанармай құю бекеттері күтпеген жерден тексерілуі мүмкін