Петропавлда полицейлер тоқтатқан көліктің жүргізушісі бұған дейін көлік басқару құқығынан айырылған болып шықты. 38 жастағы ер адам сот тыйым салғанына қарамастан қайта рөлге отырған. Сот шешімімен ол әкімшілік қамаққа алынды.
Алматыда полицейлер жергілікті тұрғынды ұстады. Одан ойық ұңғылы винтовка, тапанша, оқ-дәрі және үш пышақ табылды. Сондай-ақ түрлі қарудың макеттері тәркіленді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Алматыда полицейлер қараусыз қалған үйден 2022 жылдан бері жоғалған қару ретінде тіркеуде тұрған аңшы мылтығын да тапты. Оның жанында 30 патрон мен жарық-дыбыстық граната болған. Табылған заттардың барлығы тәркіленіп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Іс-шара барысында есірткінің заңсыз айналымына қарсы күреске де ерекше көңіл бөлініп отыр.
Қарағанды облысында полицейлер 47 жастағы ер адамды шетелден жіберілген дәрі-дәрмек салынған сәлемдемені алып жатқан кезде ұстады. Кейін тінту барысында Польшадан, Үндістаннан және Германиядан келген 480 таблетка тәркіленді. Таблеткалардың бір бөлігінен аса ірі мөлшерде модафинил психотроптық заты табылды. Препараттарға интернет арқылы тапсырыс берілгені анықталды. Қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды.
Маңғыстау облысында полицейлер көлікті тексеру кезінде ішіне марихуанаға ұқсас зат салынған пакеттерді тапты. Кейін базалардың бірінен тағы бір есірткі партиясы табылды. Тәркіленген заттардың жалпы салмағы шамамен 130 келі болды. Тергеу жүріп жатыр.
Полиция іздеуде жүрген адамдарды анықтау жұмыстарын да жалғастырып жатыр.
Алматыда алаяқтық жасады деген күдікпен мемлекетаралық іздеуде жүрген Қырғызстан азаматы ұсталды. Іс материалдарына сәйкес, оның жер телімін заңсыз сатуға қатысы бар деген күдік бар. Соның салдарынан жәбірленушілерге 125 мың доллар шығын келген. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Біріккен Араб Әмірліктерінде Қазақстан ІІМ-нің сұрауымен алаяқтық жасады деген күдікке ілінген Қазақстан азаматы ұсталды. Тергеу болжамынша, әйел Қытайдан тауар сатып алып, жеткізіп беруді сылтау етіп, жәбірленуші мен оның ата-анасының жалпы сомасы 24 млн теңге ақшасын иемденген. Қазір күдікті қамауда.
"Құрметті азаматтар! Сіздерді заңды сақтауға, айналаңыздағы адамдардың құқықтарын құрметтеуге және құқық бұзушылықтарға бейжай қарамауға шақырамыз. Қауіпсіздік әрқайсымыздан басталатынын есте сақтаңыздар", – делінген ҚР ІІМ баспасөз қызметінің хабарламасында.
18 қарашада ІІМ-ге жаңа функциялар жүктелгені белгілі болды.