Құжатқа берілген қорытындыда конвенцияның негізгі мақсаттары көрсетілген. Олар:
- киберқылмыстың алдын алу және оған қарсы күрес шараларының тиімділігін арттыруға бағытталған тетіктерді қабылдауға жәрдемдесу және оларды жетілдіру;
- киберқылмыстың алдын алу және оған қарсы күрес саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту, жеңілдету және нығайту;
- киберқылмыстың алдын алу және оған қарсы күрес мақсатында техникалық көмек көрсету мен әлеуетті арттыруға жәрдемдесу, әсіресе дамушы елдерді қолдау.
"Конвенцияны ратификациялау киберқылмысқа қарсы іс-қимыл және электрондық дәлелдемелермен алмасу саласындағы жұмыстың тиімділігін арттыруға, сондай-ақ ұлттық заңнама мен құқық қолдану тәжірибесін халықаралық стандарттарға сәйкес жетілдіруге қажетті құқықтық негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді. Конвенцияның ережелері адам құқықтары мен бостандықтарының сақталуына кепілдік беретін Қазақстан Конституциясы мен заңдарының нормаларына қайшы келмейді. Құжат ұлттық мүдделер мен азаматтардың құқықтарын қорғауға ықпал етіп, халықаралық қылмыс деңгейі артып отырған жағдайда конституциялық құқықтарды іске асыруға оң әсер етеді", – делінген құжатта.
Еске салайық, бұған дейін Құрылтай депутаттары энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдаған болатын.