Әлеуметтік желілерде оқиға орнынан түсірілген кадрлар тарады.
"Алматыда шамамен 15 минут бұрын Rams City тұрғын үй кешеніне қарама-қарсы жерде өрт шықты. Адамдар қатты айқайлады… Бәрі аман болса екен, ешкім зардап шекпесе екен", – деп жазды Threads желісінде whoiszhanell есімді қолданушы.View on Threads
Zakon.kz тілшісі оқиғаның мән-жайын білу үшін Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің (ТЖД) баспасөз қызметіне хабарласты.
"Сағат 03:44-те 112 нөміріне Алматының Бостандық ауданында жеке тұрғын үй өртеніп жатқаны туралы хабар түсті. ТЖД-ның алғашқы бөлімшесі хабар түскеннен кейін төрт минутта оқиға орнына жетті. Өрт сөндірушілер келгенде үйді жалын шарпып, от қатты лаулап жанып жатқан", – деп хабарлады департамент.
Өрт сағат 04:42-де толық сөндірілді.
"Оқиға орнынан бес адамның мәйіті табылды. Қаза тапқандардың бірі – кәмелетке толмаған бала. Оқиғаның мән-жайы мен өрттің шығу себебі анықталып жатыр", – деп мәлімдеді Алматы қаласы ТЖД-ның баспасөз қызметі.
Өртті сөндіруге департаменттің 35-ке жуық қызметкері мен тоғыз техникасы жұмылдырылды.
Бұдан бір күн бұрын, 25 қарашада, Алматыдағы қоймалардың бірінде өрт шыққан еді. Қалалық ТЖД мәліметінше, зардап шеккендер туралы хабар түспеген.