2026 жылғы 23 қарашада полицейлер ішінде төрт ер адам болған Lexus 470 көлігін тоқтатқан. Көлікті тексеру кезінде олар сырттай тапаншаның макетіне ұқсайтын зат пен ҰҚК қызметкерінің атына рәсімделген қызметтік куәлікті тапқан.
"Тексеру барысында куәліктің жалған екені анықталды. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде полицейлер құжаттарды қолдан жасады деген күдікке ілінген адамды анықтады. Ол – Атырау облысының 39 жастағы тұрғыны", – деді 2026 жылғы 26 қарашада ІІМ-нің баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбек.
Күдіктінің үйін тінту кезінде түрлі мемлекеттік органдардың атынан жасалған 803 жалған қызметтік куәлік тәркіленді. Оның 606-сы – ҰҚК-нің, 95-і – ІІМ-нің, 47-сі – мемлекеттік кірістер органдарының, 46-сы – прокуратураның, ал тоғызы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің куәлігі болған.
Сондай-ақ полицейлер ҰҚК-нің 367 эмблемасын, мөр, компьютерлік техника, принтер, қатқыл диск және басқа да заттарды тәркіледі. Тергеу болжамына сәйкес, бұл заттар жалған құжат жасауға пайдаланылған болуы мүмкін.
Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті жалған куәліктерді сатумен айналысқан. Полицейлер тоқтатқан көліктегі ер адамдардың бірі одан осындай құжаттар сатып алған.
"Қазір полиция заңсыз әрекеттің барлық мән-жайын анықтап жатыр. Оған қатысы болуы мүмкін адамдар мен жалған куәліктерді сатып алғандар да анықталып жатыр. Полицейлердің дер кезінде әрі жүйелі әрекет етуінің арқасында қылмыс жасауға пайдаланылуы мүмкін жүздеген жалған куәліктің одан әрі таралуына жол берілмеді", – деді ІІМ-нің баспасөз хатшысы.
ІІМ жедел-тергеу шаралары жалғасып жатқанын мәлімдеді.
2026 жылғы 24 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеханы қызметінен босатқан еді.