Алматыдағы адам өліміне әкеп соққан өрт: қаза тапқандардың отбасына көмек көрсетіледі

Фото: Zakon.kz
2026 жылғы 26 қарашаға қараған түні Алматы қаласының Бостандық ауданындағы жеке тұрғын үйде болған қайғылы оқиғадан кейін аудан әкімдігі зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына қолдау көрсету шараларын жедел қолға алды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы оңтүстік астана әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Ұсынылған ақпаратқа сәйкес, қазіргі уақытта өрт салдарынан баспанасынан айырылған тоғыз адам қонақүйге орналастырылған. Оларға құжаттарын қалпына келтіруді қоса алғанда, құқықтық көмек көрсетіліп жатыр.

"Аудан әкімдігі діни қызмет өкілдерімен бірлесіп, жерлеу рәсімдерін ұйымдастыруды өз мойнына алды", – деп хабарлады Алматы қаласының әкімдігі.

Оқиға орнында Бостандық ауданының әкімі жүр. Ол жедел қызметтердің жұмысын үйлестіріп, бірінші кезектегі мәселелердің шешілуін қадағалап отыр.

"Қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Отбасылар үшін қиын кезеңде оларға қажетті көмектің барлығы көрсетіледі. Жағдай тұрақты бақылауда", – деп мәлімдеді Бостандық ауданының әкімдігі.

Сондай-ақ мегаполис билігі көмек көрсету және өзге де мәселелер бойынша Алматы әкімдігінің бірыңғай байланыс орталығы – Open Almaty-ға 109 нөмірі арқылы хабарласуға болатынын еске салды. Байланыс орталығы демалыссыз, тәулік бойы жұмыс істейді.

"Өрттің мән-жайы мен шығу себептерін құқық қорғау органдары анықтап жатыр. Барлық бейінді қызмет жедел режимде жұмыс істеуде", – деп түйіндеді Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Еске салайық, өрт 2026 жылғы 26 қарашаға қараған түні болған. Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Бостандық ауданындағы жеке тұрғын үйден өрт шыққаны туралы хабарлама 03:44-те "112" пультіне түскен.

Ведомствоның хабарлауынша, өрт сөндірушілердің алғашқы бөлімшесі шақырту түскеннен кейін төрт минуттан соң оқиға орнына жеткен. Сол кезде тұрғын үйді жалын шарпып, ашық от қатты өршіп тұрған.

Өрт 04:42-де толық сөндірілді. Оқиға орнынан бес адамның, оның ішінде бір кәмелетке толмаған баланың мәйіті табылды.

View on Threads
Қазақстан
Алматы

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Димаш Құдайбергеннің Чилидегі алғашқы жеке концерті аншлагпен өтті

Алматыда қар жауып, күн суытады, Астана мен Шымкентте жаңбыр жауады: үш күнге арналған ауа райы болжамы

Тоқаев мемлекеттік басқаруды реформалау мәселелері жөніндегі комиссияның құрамын бекітті

Қазақстанға циклон жақындап келеді: 26 қарашада қар, жаңбыр жауып, жел күшейеді

Алматыда бес адамның өмірін қиған өртке байланысты қылмыстық іс қозғалды