Депутат Дүйсенбинов: Қамаудағы жастардың көбі жалпы топтың толқынына ілесіп кеткен

Биылғы жылдың 4-5 ақпанында Мәжілістің бір топ депутаттары Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 32-бабы негізінде қаңтар оқиғасы кезінде ұсталып, тергеу изоляторларына қамалған азаматтармен, олардың туыстарымен кездескен, деп хабарлайды Zakon.kz
Бізге қамауға алынғандардың туыстарынан олардың істерін әділ қарауды және жазықсыздарды босатуды сұраған 70-тен астам арыз түсті. Одан басқа әлеуметтік желіде жариялаған жеке телефоныма да күніне ондаған арыз шағымдар түсуде. Өсіріп жеткізіп, енді қызығын көремін деп отырған балаларынан айырылып, түрменің табалдырығын тоздырып, ешкімнен пана таба алмай жүрген аналардың ащы зарын ешбір брифингтен ешқандай министр жеткізе алмайды. Аналардың көз жасы мен наласын өз көзімізбен көріп, жұбатуға сөз таппадық.Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің депутаты Берік Дүйсенбинов

Депутаттың айтуынша, ұсталғандардың кейбіреулері жалпы топтың толқынына ілесіп, заңсыз әрекеттер жасағанын мойындап та отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы қиын уақытта ел тағдыры үшін бар жауапкершілікті өз мойына алды. Президенттің саяси ерік-жігері мен батыл шешімінің арқасында ғана Қазақстан мемлекеттілігін сақтап, елінің тыныштығын қорғап, адамдарды мал құрлы көрмей, бастарын кескен лаңкестердің құрбанына айналмады. Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің депутаты Берік Дүйсенбинов

Әрине, мұның бәріне құқық қорғау органдары қалай жол берді деген сұрақтар туындайды. Бірақ солардың қатарынан содырлардың шабуылы кезінде алғашқы болып, үш жарым мың қарусыз қызметкер аяусыз соққыға жығылса, жиырмаға жуығы қаза тапты.

Біз тергеу изоляторында радикалды ағым өкілдерін де көрдік. Әлеуметтік желілерде тұрғын үйлердің терезелеріне автоматтан оқ жаудырған, мемлекеттік мекемелерді басып кірген, адамдарға шабуыл жасаған содырлардың лаңкестік әрекеттері бейнеленген материалдар жеткілікті. Әрине, мұндай фактілермен тергеу айналысуы керек. Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің депутаты Берік Дүйсенбинов

Құқық қорғаушы Айман Омарова атап өткендей, лаңкестердің көпшілігі елден шығып үлгерген. Осы ретте, шалыс қадам басқан жастарымызға қатысты мемлекет тарапынан гуманизм таныту қажет деді, - депутат.

Биылғы жылдың 14 қаңтарында бұл туралы Президент Қ.Тоқаев өзінің твиттерінде «Ауырлататын мән-жайлар болмаған жағдайда, «жазаны жеңілдету» шараларын қабылдау қажет» деп жазды. Бұл салиқалы да адами көзқарас.

Адамдарды өлтіруге және ғимараттарды талқандауға қатысы жоқ ұсталғандар бойынша, қажет болған жағдайда, олардан ешқайда кетпеу туралы қолхат алып, уақытша ұстау изоляторынан босату керек деп санаймыз. Ұсақ заңбұзушылыққа жол бергендерді қылмыстық істерді тоқтатып, ата-аналарының жауапкершілігімен үйлеріне жіберілгені жөн. Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің депутаты Берік Дүйсенбинов

Депутаттың айтуынша, тергеу изоляторында жақында ғана балалар үйінен шыққан, іздеушісі жоқ бірнеше жас балалар бар. Олар үшін, жазасын ауырлататын жағдай болмаса, босатқан жөн.

Ал қамауда қалатындарға, тергеу барысына араласпай,

  1. 1) Азаптау мен ұрып-соғудан қорғауды;

  2. 2) Жарақат алғандарға немесе басқа мұқтаждарға медициналық көмек көрсетуді;

  3. 3) Адвокаттық қорғауды қамтамасыз етіп, тергеу амалдары кезінде қорғаушылардың міндетті түрде қатысуын талап етеміз.

Депутат бұл жұмысты ұйымдастыру үшін Мәжіліс пен Сенат депутаттарының арасынан жедел түрде Парламенттік комиссия құрып, оны тез арада қамауда отырған Алматы, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Талдықорған, Атырау, Ақтобе қалаларының тергеу изоляторларына жіберуді ұсынды.

Нұр-Сұлтан Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: