Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Берік Бекжанов заң жобасы республикалық референдумда қолданылатын сайлау бюллетеньдерінің нысандарын біріздендіру мақсатында әзірленгенін атап өтті.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқы ассамблеясы отырысында ҚР Конституциясына енгізілетін өзгерістер бойынша республикалық референдум өткізуді ұсынды. Бұл орынды ұсыныс, қоғам өмірінің неғұрлым маңызды мәселелеріне қатысты шешімдерді бүкілхалықтық дауыс беру арқылы шешу – халық билігінің әділетті қоғам құруының айрықша көрінісі. Заң жобасымен референдумға қойылған мәселелерді қамтитын бюллетендердегі бір де бір жауап белгіленбеген нұсқаларын жарамсыз деп тану және ұсынылған жауаптардың барлық нұсқалары белгіленген бюллетендерді жарамды деп тану нормалары енгізіледі. Алайда бұндай бюллетендер дауыс беру кезінде есепке алынбайды. Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Берік Бекжанов
Сонымен қатар ол дауыс берушінің бюллетеньде кез-келген белгі қою арқылы дауыс беру еркі нақтыланатынын атап өтті.
Оның айтуынша, заң жобасын қабылдау теріс және өзге де келеңсіз әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды және бюджет шығыстарын талап етпейді.
Еске салсақ, 29 сәуірде Қазақстан халқы ассамблеясының ХХХІ сессиясында сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша республикалық референдум өткізуді ұсынды.
«Референдум әрбір азаматқа ел тағдырын шешуге тікелей қатысуға мүмкіндік береді және біздің жан-жақты демократияландыру мен Жаңа Қазақстанды құру жолындағы бағытымызды нығайтады», – деді мемлекет басшысы.