"Қазақстан Республикасының Бірінші Президенті - Елбасы статусы" жөніндегі Конституциялық заңның күшін жою жөніндегі Конституциялық заң жобасын таныстырған мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров өткен жылы бүкілхалықтық референдум нәтижесінде елімізде жаңа Конституция қабылданғанын, жаға Конституцияны жақтап Қазақстан халқының 77%-ы дауыс бергенін атап өтті.
"Конституциялық реформа елімізде биліктер тармағы институттарын нығайтып, қоғамда демократияны қалыптастырудағы Тәуелсіз 30-жылдың ішіндегі ірі қадам, прогрессивті бағыт-бағдар. Конституцияға енгізілген өзгертулерге сәйкес Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасының мәртебесі мен өкілеттігі Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен айқындалады деген норманы көздейтін Конституцияның 46-бабы 4-тармағы алынып тасталды. Қазақстанның демократия мен плюрализмге бет алып, терең саяси трансформация жасау кезеңінде, жеке топтардың билікті меншіктеуге жетелейтін қандай да бір тетіктерге жол бермеу маңызды".Ерлан Сайыров
Сондықтан, депутаттың сөзінше, Қазақстан Республикасы мәжілісінің бір топ депутаты халықтың басым көпшілігінің сұранысын ескере отырып, осы заң жобасын ұсынды.
Өз кезегінде "Жаңа Қазақстан" депутаттың тобы осы мәселеге қатысты Конституциялық Сотқа жүгінді. Конституциялық Сот "Қазақстан Республикасының Бірінші Президенті-Елбасы статусы" жөніндегі заңының еліміздің жаңа Ата-Заңына сәйкес келмейтіндігі жөнінде шешім шығарды.
"Қазақстанның қоғамдық процесінде саяси институттарға монополия құру әрекеттері, өмір көрсеткендей, елде саяси құндылықтарды девальвациялап, мемлекет дамуына кері әсер тигізуге қабілетті. Сондықтан, мұндай олқылықтарға болашақта қоғамдық - саяси иммунитет қалыптастыру өте маңызды. Жоғарыда айтылғанды басшылыққа алып, саяси - құқықтық негіз жоқ екендігін ескере отырып, "Қазақстан Республикасының Бірінші Президенті – Елбасы статусы" жөніндегі Конституциялық заңның күшін жою жөніндегі Конституциялық заң жобасы ұсынылады".Ерлан Сайыров
Депутаттар құжатты екі оқылымда қарады.
Талқылаудан кейін олар бірауыздан қолдады.
Осылайша, Елбасын мәртебесін жою туралы заң қабылданды деп есептеліп, мемлекет басшысына қол қоюға жіберілді.