Белгілі саясаттанушы, Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Егер мемлекеттік қызметкер шешім қабылдау кезінде бюджет қаражатын жымқырамын немесе пара алу арқылы заңсыз жолмен байимын деген арам пиғылсыз қателік жасап қойса, қылмыстық жауапкершілікке тартылмауы керек" деген сөзіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды zakon.kz Skifnews.kz ақпараттық порталында шыққанды көшіре отырып.
Депутаттың айтуынша, бүгінде жалпы қоғам арасында мемлекетке деген сенбеушілік, мемлекеттік корпусты менсінбеу, атқарып жатқан жұмыстарын жоққа шығару, жемқорлық пен үйлесімсіздік ордасы деген пікір қалыптасқан.
"Соңғы кездері бұқаралық ақпарат құралдары ғана емес, жалпы қоғам арасында кез келген жағдайды, ақпаратты өзінше түсіндіру, әркім өзіне қарай бұрып алу, қоғамдық шу тудыру мақсатында жалған ақпарат беру секілді үрдіс қалыптасып алды. Осындай жағдайлардың салдарынан көп жағдайда түсініспеушіліктер болып жатады. Мәселен, Тоқаевтың кезекті отырыстағы "Егер мемлекеттік қызметкер шешім қабылдау кезінде бюджет қаражатын жымқырамын немесе пара алу арқылы заңсыз жолмен байимын деген арам пиғылсыз қателік жасап қойса, қылмыстық жауапкершілікке тартылмауы керек" деген яғни коррупцияға қарсы күрестің кейбір аспектілерін өзгерту жөніндегі ұсынысына қатысты айтылып жатқан алып-қашпа әңгімелелер осындай жағдайдан туындап отыр.
Ашығын айту керек, осындай жайттардың салдарынан қазіргі таңда мемлекетке деген сенбеушілік, мемлекеттік корпусты менсінбеу, атқарып жатқан жұмыстарын жоққа шығару, басқару жүйесі тек қана жемқорлық пен үйлесімсіздік ордасы деген пікір қалыптасып отыр. Осының салдарынан деп деп ойлаймын соңғы уақыттарда мемлекеттік қызметке барсам дейтін азаматтардың саны біршама азайғаны байқалып отыр. Ресми статистикаға сенсек, бір орынға 0,06 адамнан ғана келеді екен. Бұл әрине, дұрыс фактор емес. Бізге тәуекелшіл, мемлекет ісіне қорықпай араласып кететін жаңа буындағы мамандар керек. Кез келген жағдайдан алып шығатын корпус қажет. Тоқаевтың жоғарыдағы сөзі арқылы осыны айтқысы келгені даусыз.
"Сен мынаны аласың, мен мұншасын алам" деп ел қаржысын оңды-солды шашып, қасақана бөлісіп алатын я болмаса басқа да сыбайластық, таныстық жолдар арқылы ел экономикасына қауіп төндіретіндер болмаса, ұсақ-түйек қателіктерге жол берген қызметкерлерді жаппай жемқор деген айып тағып, қаралау дұрыс емес, расында. Негізі Мемлекет басшысы Тоқаев үлкен мәселені көтеріп отыр.
Нақты мысалдармен айтар болсақ, медициналық қателік деген дүние бар. Бұл жерде адами да, табиғи да фактор болып жатады. Әдейі істелмейтін қателік. Сол сәттегі жағдай, пациенттің физиологиялық ерекшелігі, дәрілерге қарсы реакция беру секілді дүниелер болады. Алайда бұл жерде де тек дәрігердің қателігі деген ұғым қалыптасқан. Мемлекеттік қызмет те осындай.
Оның үстіне біздің Антикор тек жазалаушы мекеменің рөлін сомдап отыр. Антикор жемқорлықтың алдын алатын, аналитикалық орталық болып қайта құрылуы керек секілді. Меніңше, "Егер мемлекеттік қызметкер шешім қабылдау кезінде бюджет қаражатын жымқырамын немесе пара алу арқылы заңсыз жолмен байимын деген арам пиғылсыз қателік жасап қойса, қылмыстық жауапкершілікке тартылмауы керек" деген сөзіне Тоқаев осыны меңзеген тәрізді", - дейді ол.