Алматы қаласындағы тергеу изоляторында тұтқындарға есірткі, ұялы телефондар жеткізуге әрекет жасайтындар жиі анықталады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Мысалы, жуырда ЛА-155/18 мекемесінің сәлемдемелерді қабылдау бөлмесінде шоколодты конфеттің ішіне есірткі затын жасырып әкелген Т. деген адам ұсталды.
1994 жылы туған ол 8 дана конфеттің ортасына салынған есірткілік затты тергеу тұтқынындағы И-ға әкелген. Тыйым салынған затты құйтұрқы жолмен өткізбек болған Т-ның Алматы облысы Қаскелең қаласының тұрғыны екені анықталды.
Тағы бір мысал – осы ЛА-155/18 мекемесіндегі сотталған М-ның атына Әйгерім атты азаматшадан «Қазпошта» АҚ арқылы поштамен келген сәлемдемеден 2 дана «Нокия» маркалы ұялы телефоны табылды. Аяқ киімнің ұлтанына жасырған ұялы телефондарды бақылаушылар сәлемдемелерді тексеру кезінде анықтады.
Тергеу изоляторындағы М. ҚР ҚК-нің 188-бабы 4- бөлігінің 3-тармақшасы бойынша 8 жыл 11 ай мерзімге сотталып, сот үкімінің заңды күшіне ену мерзімін күтіп жатқан болатын.
Тыйым салынған заттарды өткізбекші болған әрекеттер кезінде Алматы қаласы Түрксіб аудандық ПБ-нан жедел тереу тобы шақырылып, құқықбұзушыларға тиісті жаза белгіленуде.
Алматы қаласының ҚАЖ департаменті