Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов кәмелетке толмаған Тамирлан Ахмеджановты іздеуге қатысқандардың еңбегін жоғары бағалап, алғысын білдірді.
Әр минут санаулы болатын. Бала табылған шұңқырдың тереңдігі үш метрді құрады. Түнгі уақытта температураның төмендігін ескеретін болсақ, оқиға қайғылы аяқталуы мүмкін еді. Қазіргі уақытта іздеу операциясы аяқталды. Іздеуге 400-ден астам полиция қызметкері жұмылдырылды. ШҚО ПД арнайы жасағының қызметкері Тілек Ерлібековтың қырағылығының арқасында бала аман-сау табылды. ҚР ІІМ баспасөз қызметі
14 тамызда кәмелетке толмаған 12 жасар Тамирлан Ахмеджановтың жоғалып кеткені, оны іздеуге көмектесуді сұраған өтініш келіп түсті. Темірлан 14 тамызға қараған түні сағат 02:30 шамасында саяжай аумағында орналасқан үйінен шығып кетіп, қайта кері оралмаған.
Шұңқырдан табылған кезде бала полицей Тілек Ерлібековтен басқасын маңына жуытпаған. Тілек Ерлібеков баланың жанында біршама болып, оны құшағына басып, сабырға келтірген. Содан кейін ғана дәрігерлер балаға жақындай алған. Полицейдің өзі баланың аман-есен тапқанына қуанышты екенін айтады.