90%-дан астам қылмыстық іс электрондық форматта тергеліп жатыр

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрағасы Сәбит Нұрлыбай қылмыстық істерді электрондық форматта тергеу тәжірибесінің қазіргі жай-күйі бойынша ведомствоаралық кеңес өткізді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Кеңестің жұмысына Ішкі істер министрлігінің, Бас прокуратураның, Жоғарғы Соттың өкілдері, сондай-ақ жауапты қызметкерлер қатысты.

Комитет ұсынған ақпарат бойынша, қазіргі таңда 134 мыңнан астам қылмыстық іс электрондық форматта тергеліп жатыр, бұл сотқа дейінгі тергеу органдарының өндірісіндегі істердің жалпы санының 90%-дан астамы.

Сондай-ақ жиналыс барысында өңірлер бойынша электрондық қылмыстық істерді жүргізу тәжірибесі талқыланды.

Кеңес қорытындысы бойынша Комитет төрағасы электрондық форматта қылмыстық істерді тергеудің тиімділігін арттыруға бағытталған ұйымдастырушылық және техникалық шаралар кешенін әзірлеу жөнінде бірқатар ұсынымдарды атап өтті.

Атап айтқанда, Ішкі істер министрлігіне электрондық қылмыстық істер материалдарын қағаз түрінде өз бастамашылығымен прокуратура органдарына жолдау тәжірибесін және электрондық істер бойынша қағаз форматта тергеу әрекеттерін жүргізуді болдырмау, сондай-ақ қылмыстық істерді электрондық тергеу жұмысының жай-күйіне ведомстволық бақылауды арттыру жөнінде қосымша шараларды қабылдау ұсынылды.

Электрондық істер бойынша қағаз құжаттарды талап етпей, тек электрондық форматта Сотқа дейінгі тергеп тексеру тізілімінде процестік шешімдерді келісу және бекіту қажеттілігіне қадағалаушы прокурорлардың назары аударылды. Бас прокуратура Жоғарғы сотпен бірлесіп электрондық қылмыстық істерді үздіксіз тіркеу мақсатында Сотқа дейінгі тергеп тексеру тізілімі мен «Төрелік» ақпараттық жүйелерінің техникалық өзара іс-қимылы бойынша жұмысты жалғастырады.Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет

Кездесу соңында қатысушылар қылмыстық істерді тергеудің электрондық форматын одан әрі жетілдіру бойынша бірлескен шешімдер қабылдады.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: