Алдын ала мәліметтер бойынша 28 жастағы Mercedes жүргізушісі Алматы - Көкпек - Көктал тас жолының 69 шақырымында қарсы қозғалыс жолағына шығып, Subaru көлігімен жанамалы соқтығысуға жол берген. Онымен тоқтамай, Mercedes жол жиегіндегі ағашқа соғылған.
Оқиға орнында Mercedes көлігінде болған 6 адам қаза тапты, олардың төртеуі - кәмелетке толмағандар. Әр түрлі жарақаттармен зардап шеккен тағы 3 адам жақын маңдағы ауруханаға жатқызылды. Айта кету керек, ескі Mercedes-те 9 адам болған, оның алтауы - кәмелетке толмағандар.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері барлық мән-жайларды анықтау үстінде. Аталған факті бойынша қажетті сараптамалар тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.