Мәжіліс депутаты айыппұлды бірден төлеп, 50 пайыз жеңілдікке ие болған. Мұны Ерлан Сайыровтың Facebook-тегі парақшасында жариялаған чегінен көруге болады. Яғни, ол 15 315 теңгенің орнына 7657 теңге 50 тиын төлеген.
Біздің құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатқанымызды еске салған халық қалаулысы әрбір азамат өзінің істегені үшін жауап беруі қажеттігін де қадап айтып, парақшасында жазба да жариялады.
"Мен кешегі "Хабар" арнасындағы "түкірік" үшін айыппұл төледім. Заң алдында барлық азаматтар тең болуы керек. Бұл аксиома! Сонда ғана әділетті қоғам құрамыз! Басқа да азаматтар заң алдында өз жауапкершілітерін сезінуі қажет. Әсіресе, халықтың игілігін жымқырып қойған олигархтар мен алпауыттар. Олардың жауапкершілігін біз көздеріне "шоқшитып" көрсетуіміз қажет! Әрбір адам өзгерісті өзінен бастауы тиіс. Әрқайсымыз өзгерсек, мемлекетті өзгертеміз! Мені қолданған азаматтарға көп рахмет! Мені сынға алған азаматтарға да ырзашылығымды білдіремін! Біз Біргеміз!" делінген жазбада.
Сурет: Facebook/Erlan Sairov