Немересімен бірге үсіп қалған ерлі-зайыптылардың өлімінің себебін полиция анықтап жатыр

ҚР ІІМ баспасөз қызметі Жарма ауданы Терістаңбалы ауылында 57 жастағы ер адамның, 56 жастағы әйелдің және 3 жасар баланың қаза табу фактісіне қатысты ақпаратқа түсінік берді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Полициядағылар атап өткендей, даладан табылған марқұмдардың денелерінде зорлық-зомбылық белгілері анықталмаған. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тиісті тергеу амалдары басталды. Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптама тағайындалды, қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

ҚР ҚПК-ның 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жария етуге жатпайды.

Айта кетсек, 3 желтоқсанда Абай облысында қайғылы оқиға орын алды: үш жасар немересімен қоса атасы мен әжесі де қақаған аязда далада қалып кетіп, үсіп жан тапсырғаны хабарланған. Марқұмдардың жақындарының айтуынша, қаза тапқан ерлі-зайыпты 3 жасар немересін ертіп, өзге ауылға қонаққа барған. Ал түнде өз ауылына қайту үшін жолай көлік ұстаған. Алайда ауылға 1 шақырым қалғанда көліктен түсіп қалған ерлі-зайыптылар кішкентай баланы жетектеп, үйіне қарай жаяу тартқан.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: