Өскеменнің 34 жастағы тұрғыны полицияға 25 желтоқсанда, сағат 22:05-те 13 және 15 жастағы балаларын іздеуге көмек сұрап хабарласқан.
Кәмелетке толмағандардың жүрген жерін анықтау мақсатында дабыл бойынша жедел-іздестіру тобы дереу жиналып, таныстары мен куәгерлермен әңгімелесіп, іргелес аумақтарды, аулаларды, тұрғын үйлердің кіреберістерін, гүлзарларды, саябақтарды, жастар жиналатын орындарды қараған.
Полиция балаларды жаяу және қызметтік автокөліктерді пайдаланып іздеген.
"Қабылданған шаралардың нәтижесінде 40 минуттан кейін кәмелетке толмағандарды Боран-2 патрульдік экипажының қызметкерлері Салауат Шәкіров пен Қуаныш Акимеев Островский көшесінен тапты. Кәмелетке толмағандар әкесімен ренжіскеннен кейін үйден кеткенін айтты. Қазіргі уақытта олардың өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Үйге аман-есен жеткізілді", - деді Өскемен қаласы ПБ бастығы Андрей Мула.