Атырау облысы полиция департаменті аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 110 бабы 2 бөлігі 1 тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлайды.
"Тиісті сараптамалар тағайындалды. Қазіргі таңда жасөспірім Атырау облысының жасөспірімдерді бейімдеу орталығында мамандардың бақылауында. Өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201 бабына сәйкес жариялауға жатпайды", делінген құзырлы ведомство хабарламасында.
Ал қамқоршылық тарап іс қозғалғанымен, әкенің бостандықта болуы баланың бойындағы үрейді зорайтып жатқанын айтып дабыл қағады. Ділназ Әділжанованың айтуынша, жасөспірімнің апасы (әкесі жағынан) - адвокат, ол ұлына қарсы арыздың күшін жою үшін немересіне ықпал етуде.
"Қыздың шешесі бірнеше жыл бұрын сотты болған. Түрмеден шыққан соң ол отбасынан және балаларынан бас тартқан. Қыз бала діндар әкесімен тұрады. Ол баланы үнемі ұрып-соғады, намаз оқуға да мәжбүрлейді. Осындай кезекті бір соққы кезінде үйінен қашып құрбысының үйіне барған ол оның әкесінен көмек сұраған. Ол кісі жасөспірімді полиция бөлімшесіне алып келді. Полициядағылар жасөспірімді біздің бейімдеу орталығына орналастырды. Мұны білген қаладағы танымал адвокат - қыздың апасы (әкесі жағынан) өз таныстары арқылы қызға ықпал етіп, әкесіне қарсы көрсетілім бермеуге көндірмекші. Ер адам да қызын айнытуға тырысып бағуда. Қазір қыз бала мектепке баруға қорқады, өйткені жолда алдынан әкесі шығып, үйіне алып кетіп, тағы соққының астына алады ма деп уайымдайды. Әкесіне қатысты қылмыстық іс қозғалған, бірақ ол әлі бостандықта", деп жазады Ділназ Әділжанова Facebook-тегі парақшасында.