Ақмола облысында жол апаты орын алып, Қырғызстан азаматы көз жұмды

Ақмола полицейлері Қырғызстан Республикасының азаматы қаза тапқан жол апатына қатысты тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Жол апаты кезінде жүк көлігі мен жеңіл автокөлік соқтығысқан, деп хабарлайды Zakon.kz.

8 ақпанда Екатеринбург-Алматы автожолының 922 шақырымында Маn жүк көлігі мен Daewoo Matiz автокөлігі соқтығысқан.

"Алдын ала ақпарат бойынша, Daewoo Matiz автокөлігінің жүргізушісі Қырғызстан Республикасының 64 жастағы азаматы басып озу маневрін жасап, қарсы қозғалыс жолағына шығып, Қарағанды облысының 55 жастағы тұрғыны тізгіндеген Маn жүк көлігімен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан Daewoo Matiz автокөлігінің жолаушысы Қырғызстан Республикасының 62 жастағы азаматы оқиға орнында қайтыс болды", делінген полиция хабарламасында.

Жақсы аудандық ауруханасына Daewoo Matiz автокөлігінің жүргізушісі жеткізілді. Жеңіл автокөліктің 18 жастағы және 4 жастағы жолаушылары зардап шеккен жоқ.


ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігі (Абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес Маn автокөлігінің жүргізушісі сау болған, делінген хабарламада.

Автокөліктер автотұраққа қойылды. Сараптама тағайындалды.


Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: