Тергеу барысында күдікті такси шақырып, сауда ойын-сауық орталығына жеткені анықталды. Ер адам қажетті орынға жеткен соң такси жүргізушісінен қоңырау шаламын деген сылтаумен ұялы телефонын сұрап, жүргізушіні дереу қайтып келетініне сендіру үшін, көлікке бос әмиян немесе блокнот қалдырып, сауда ойын-сауық орталығына кіріп кеткен.
Такси жүргізушілері оны кіре берісте бір сағаттан астам күткен. Осы кезде күдікті сауда орталығына кіріп, такси жүргізушісінің телефонынан жүргізушінің таныстарына жедел түрде ақша жіберуді сұрап хабарлама жазған. Азаматтар күдіктенбестен, такси жүргізушісіне ақша жібереді, сол сәтте күдікті түскен ақшаларды дереу терминалға аударған. Ақша мен ұялы телефонды алып, кейін телефонды өшіріп тастап, тығылып қалған. Осылайша, ол 6 такси жүргізушісін алдап үлгерген.
Есіл аудандық полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында елорда тұрғындарының ұялы телефонын алаяқтық жолмен иемденіп кеткен 32 жастағы ер адамды ұстады.
Сонымен қатар полицейлер оның хостелден ұялы телефон ұрлығына қатысы барын анықтаған.
"Аталған фактілер бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті кінәсін мойындады, заттай айғақтар тәркіленді. Ер кісі Астана полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның астана аумағында жасалған осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр".Polisia.kz