Салтанатты жиында мемлекет басшысы қазақстандықтарды Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтай отырып, Егемендіктің қастерлі ұғым екеніне, кез келгеннің басына бұйыра бермейтін бақ екеніне тоқталып өтті.
Егемендік – елдің бәріне бұйыра бермейтін бақ. Әлемде сан миллион халқы болғанымен, ұлтарақтай жері жоқ қаншама ұлт бар. Ал қазақтың пешенесіне өз мемлекетін құру бақыты жазылды. Бұл – ұлы бақыт, ұлттың бақыты! Бұдан асқан қуаныш, бұдан биік мәртебе бар ма?! Халқымыз Егемендіктің қадір-қасиетін жан-жүрегімен сезінеді. Өйткені біз азаттықтың құны қандай екенін жақсы білеміз. Бостандық жолында талай батырларымыз құрбан болды. Қаншама қиын күндер басымыздан өтті. Бірақ халқымыз барлық сынақты қайыспай көтерді.Қасым-Жомарт Тоқаев
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздікті үш онжылдыққа бөліп, әр онжылдық ғасырдың жүгін арқалайтынын айтты.
Мыңжылдықтар тоғысатын тұста Азаттық туы көгімізде желбіреді. Ұлттың ең ұлы мұраты – Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Сол сәттен бастап Қазақ елінің ұлы көші болашаққа бет түзеді. Халқымыз өз мемлекетін құруға кірісті. Бұл – тарихи әділдіктің орнауы. 30 жыл – біз үшін тұтас дәуірге бергісіз мерзім. Оны үш белеске бөліп қарастыруға болады. Әр онжылдық ғасырдың жүгін арқалап тұр.Қасым-Жомарт Тоқаев
Алғашқы онжылдық – жаңа Қазақстанның негізін қалау кезеңі. Осы жылдарда мемлекеттік нышандарымыз белгіленіп, билік жүйесі қалыптасты.
Екінші онжылдық – Қазақ елінің өрлеу кезеңі. Біз керегемізді кеңейтіп, тұғырымызды нығайттық. Халықтың әл-ауқатын арттыра түстік. Төл тарихымызды түгендеп, рухани мұрамызды жаңғырттық. Көптеген халықаралық жобаға бастама көтердік. Елге қомақты инвестиция әкелдік.
Үшінші онжылдық – Қазақстанның кемелдену кезеңі. Осы уақытта абырой-беделі артқан мерейлі мемлекетке айналдық. Шекара мәселесін біржола шештік. 2050 жылға дейінгі стратегиямызды қабылдап, дамыған елдердің қатарына қосылуды межеледік.
Тарихи уақыт өлшемімен қарағанда 30 жыл деген – қас-қағым сәт. Ал өткен оқиғалар тұрғысынан бағаласақ, ғасырларға татитын мерзім. Қазақстан халқы үшін бұл – азаттық жылнамасының тұтас дәуірі. Жарқын болашағымызға жол салған ұлы жетістіктер кезеңі.Қасым-Жомарт Тоқаев