Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасын қабылдады

Марат Ахметжанов Президентке агенттіктің 2021 жылы атқарған жұмыстарының нәтижесі мен тексеріліп жатқан қылмыстық істер туралы баяндады, деп хабарлайды Zakon.kz

Cонымен қатар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жоспарын таныстырды. 

Ақорданың хабарлауынша, қазір Парламентте заңсыз байығаны үшін жауапкершілік енгізу және сыбайлас жемқорлықты әшкерелеушілерді қорғау жүйесін қалыптастыру мәселелеріне қатысты заң жобасы қарастырылып жатыр. Бұл норма мемлекеттік қызметшілердің кірістері мен шығыстарын бақылауға мүмкіндік береді.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес тұжырымдамасын жүзеге асыруға барлық мемлекеттік орган тартылатыны туралы мәлімет берілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға қатысты қабылданып жатқан шаралардың толық атқарылуы бойынша әр ведомствода жауапты адамдар бекітіледі.

Мемлекет басшысы тұжырымдаманы жүзеге асыру үшін ұсынылған тәсілдерді қолдап, агенттіктің осы бағыттағы үйлестіруші рөлін күшейтуді тапсырды. Президент бұл жұмысты ерекше бақылауға алды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жоюға, қылмыс тәсілдерін әшкерелеуге және жемқорларды жауапкершілікке тартуға бағытталған жүйелі жұмысты жалғастыруға тапсырма берді.

Қазақстан Қасым-Жомарт Тоқаев
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: