Бұл туралы ҚР президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлімдеді.
Жинақтың бірінші томына мемлекет басшысының 2021 жылғы наурыз бен желтоқсан аралығында еліміздің және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне қатысты кеңестерде, үкіметтің, Қазақстан халқы ассамблеясының, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырыстарында, «Астана» халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңесте және басқа да жиындарда сөйлеген сөздері топтастырылды.ҚР президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли
Баспасөз хатшысының айтуынша, екінші том 2022 жылдың қаңтары мен наурыз аралығын қамтиды.
Аталған кезең еліміздегі «Қасіретті қаңтар» оқиғасымен ерекшеленді. Мемлекет басшысының ерік-жігері мен батылдығының, сондай-ақ барша отандасымыздың бірлігі мен ынтымағының арқасында еліміз осы ауыр сынақты еңсере білді. Бұл жинақта Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаңтар оқиғасына қатысты халыққа арнаған мәлімдемелері мен үндеулеріне, сондай-ақ «Хабар» және Qazaqstan телеарналарына берген сұхбатына айрықша назар аударуға болады. Берік Уәли
Сондай-ақ екінші томға мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты наурыз айындағы Жолдауы енген.
Әлемде болып жатқан саяси және әлеуметтік тенденциялар мен оқиғалар Қазақстанның халықаралық аренадағы қызметін жандандыра түсті. Мемлекет басшысының өткен жылғы жұмыс кестесі ауқымды болды. Үшінші жинаққа Президенттің ірі форумдарда, сондай-ақ жақын және алыс шет елдерге жасаған сапарларында сөйлеген сөздері енді. Берік Уәли
Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Тәжікстан, Корея Республикасы, Ресей Федерациясы, Түрікменстан, Бельгия мен Швейцарияға сапармен барды. Бұдан бөлек президент Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің VIII саммитіне қатысу үшін Түркияға барды. Мемлекет басшысының БҰҰ Бас ассамблеясының отырыстарындағы және осы жаһандық ұйымның басқа да іс-шараларындағы бейнебайланыс арқылы сөйлеген сөздері де аталған жинаққа топтастырылды.
Сондай-ақ бұл томға Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайын өтетін халықаралық іс-шараларда сөйлеген сөздері енгізілді. Атап айтқанда, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес, Ашхабад қаласында өткен Орталық Азия елдері басшыларының консультативтік кездесуі, Душанбе қаласында өткен ҰҚШҰ мен ШЫҰ отырыстары. Берік Уәли
Бұдан бөлек Президенттің «Essentiel des Relations internationales» журналына және ресейлік белгілі журналист және тележүргізуші Леонид Млечинге берген сұхбаттары, Президенттің «The Parliament» журналында жарияланған «Partnership with the EU will anchor Kazakhstan’s future progress» мақаласы енді.
Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз қызметі Қасым-Жомарт Кемелұлының бір жылғы қызметінің қорытындысы ретінде осы жинақты оқырмандарға ұсынып отыр. Сондай-ақ жинақта Мемлекет басшысының қатысуымен өткен іс-шараларда түсірілген суреттер берілді. Кітапта жарияланған материалдарды қызығушылық танытқан зерттеушілер мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері үшін құнды әрі пайдалы құжат деп санаймыз. Берік Уәли
Естеріңізге сала кетейік, мемлекет басшысының сөйлеген сөздері осымен үшінші жыл жинақ болып шығып отыр.