Тоқаев қаржы-экономикалық жағдай туралы: шұғыл шараларды қолға алуымыз керек

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен қаржы-экономика саласындағы өзекті мәселелер жөнінде кеңес өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мемлекет басшысы әлемдегі геосаяси жағдайдың құбылмалы болуы біздің экономикамызға айтарлықтай әсер еткенін атап өтіп, мемлекеттік органдардың үйлесімді әрі тиімді жұмыс істеуі қажет екенін айтты.

Жағдай күн сайын өзгеруде, өте құбылмалы кезең. Сондықтан біз барлық сын-қатер мен мүмкіндікті нақты әрі тез анықтап, әр қадамымызды нық басуымыз керек. Қабылданатын шешімдер барынша салмақты болғаны жөн. Бірақ, созбалаңға салмай, шұғыл шараларды қолға алуымыз керек. Қағазбастылыққа жол бермеу қажет. ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

Жиын барысында премьер-министр Әлихан Смайылов экономиканың қазіргі жағдайы мен оның дамуына қатысты болжамдар туралы баяндады.

Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан ақша-кредит саясаты жөнінде есеп берді.

Сурет: akorda.kz

Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2022 жылға арналған республикалық бюджеттің нақты параметрлері жайында мәлімет берді.

Сонымен қатар іс-шарада бюджет шығындарын оңтайландыру, көктемгі егіс науқанына дайындық барысы, экспорт саясатын дамыту, инвестиция тарту және көлік логистикасын жетілдіру, сондай-ақ халықтың табысын арттыру бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Кеңес қорытындысы бойынша мемлекет басшысы үкімет пен президент әкімшілігіне еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне қатысты бірқатар тапсырма берді.

Қазақстан Қасым-Жомарт Тоқаев
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: