Тоқаевқа экономиканы монополиядан арылту реформаларының жайы баяндалды

Мемлекет басшысына Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин есеп берді. Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан экономикасын монополиядан арылту жөніндегі реформалар аясында агенттікке берілген тапсырмалардың орындалуы туралы баяндалды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ақорданың мәліметінше, Жұманғарин прокуратура органдары мен агенттік сұйытылған мұнай газын көтерме саудада сататындардың қызметіне жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша 5,5 миллиард теңге қаржыға қатысты заң бұзушылықтарды анықтағанын жеткізді.

Автомобиль газын бөлшек саудаға шығаратын 193 сатушы мекемеге салынған айыппұл көлемі 103 миллион теңгені құрады.  Агенттіктің ұсынысы бойынша Энергетика министрлігінің сұйытылған мұнай газын, бағаның 10 пайыздық шегін үш пайызға дейін түсіруді қоса алғанда, электронды сауда алаңдары арқылы ұйымдастыру және сату тәртібіне өзгерістер енгізілді, делінген хабарламада. 

Қазіргі уақытта «Eurotransit Nur Zholy», «Қазфосфат», «Қазақмыс» Корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне және «Каскор-Транссервис» акционерлік қоғамына қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. «ҚТЖ» ҰК», «Қазақтелеком», «Аймақ» ҚТА», «Транстелеком» сияқты  акционерлік қоғамдарда, сондай-ақ азық-түлік тауарларын сататын сауда орындарын жалға беру қызметтеріне қатысты сауда нарықтарында монополияға қарсы заңнаманың бұзылу белгілерін анықтау үшін талдау жүргізілуде.

Президенттің монополиялық топтарға кешенді талдау жүргізу жөніндегі тапсырмаларын орындау үшін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы мұнай және мұнай өнімдері, табиғи газ, электр энергиясы нарықтарын, теміржол көлігі, азаматтық авиация қызметтері, қоғамдық көлік, телекоммуникациялар, қаржы нарықтарын монополиядан арылту жөнінде ұсыныс берді.

Жұманғарин негізгі тауар нарықтарын монополиядан арылтуға және бизнес үшін қолайлы бәсекелестік орта қалыптастыруға бағытталған Бәсекелестікті дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасын әзірлеу барысы жөнінде де баяндады.

Мемлекет басшысы Қазақстанның болашағы үшін бәсекелестікті дамытудың маңызы зор екенін атап өтіп,  экономиканың маңызды салаларын монополиядан арылту жөніндегі жүйелі шараларды іске асыру жұмыстарын жалғастыруды және олардың сапалы орындалуына бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды.

Қазақстан Қасым-Жомарт Тоқаев
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: