Бұл туралы Ақорданың ресми сайтында жарияланды.
Кездесуде мемлекет басшысына Агенттіктің қазіргі атқарып жатқан жұмыстары мен алдағы жоспары туралы баяндалды.
Дархан Жазықбаев мемлекеттік қызметке кіру үшін артық кедергілер мен тосқауылдарды алып тастау және одан шығу тәртібін жеңілдету, мемлекеттік қызметтің кез келген қазақстандыққа ашық болуына қатысты ұсыныстар берді. Сонымен қатар Президентке мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жұмыстары жөнінде айтты.
Агенттік төрағасы Президентке 2022-2023 жылдары «Е-қызмет» ақпараттық жүйесін жаңғырту туралы жоспарын ұсынды. Оның айтуынша, биыл сыртқы порталды құру арқылы «Е-қызмет» базасында мемлекеттік қызметке іріктеу және қабылдау процесі толық цифрландырылады. Ал 2023 жылы басқа да кадрлық үдерістер, атап айтқанда, ротация, тағылымдама, біліктілікті арттыру және басқа да қызметтер автоматтандырылады.
Сонымен қатар Дархан Жазықбаев мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жетілдіру барысына да тоқталды.
Ведомство басшысы Агенттіктің 2023 жылдан бастап мемлекеттік қызметке іріктеуді прокторинг технологиясын қолдану арқылы онлайн түрде өткізуді жоспарлап отырғанын жеткізді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағынышты ұйымдарды қысқарту жөніндегі тапсырмасы бойынша «Мемлекеттік қызметтегі персоналды басқару орталығының» АҚ штаттық бірліктері мен бюджетін сақтай отырып, Мемлекеттік басқару академиясының құрамында HR-институтын құру туралы айтты.
Кездесу барысында президент мемлекеттік қызметке іріктеу жүйесін одан әрі жетілдіру, меритократия қағидатын ілгерілету және адамға бағдарланған сервистік мемлекеттік аппарат қалыптастыру жөнінде тапсырмалар берді.